Ардагерлер Мәжіліс депутаттарының заң шығарушылық қызметімен танысты

АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданынан Астанаға арнайы келген соғыс және еңбек ардагерлері Мәжіліс үйінде болды.
None
None

Оларды қарсы алған Парламент Мәжілісінің депутаты Сауырбай Есжанов заң шығарушылық қызметтің қыр-сыры туралы әңгімелеп берді.

40-қа жуық оңтүстік өңірден келген меймандардың арасында жастары 90-ға жуықтаған Ұлы Отан соғысының ардагерлері де болды. Атап айтқанда, Курск доғасындағы сұрапыл шайқасқа қатысқан Жолдас Әлханов пен Сталинградты қорғауға қатысқан Әкімбай Жұмабаев бар. Сонымен қатар бүгінде 80-нен асқан, соғыс жылдары ауыр жұмыс істеген еңбек ардагерлері Бөрібай Досанбаев пен Наурызбай Биходжаев, және басқа да құрметті зейнеткерлер Парламент Мәжілісі үйін аралап, Палатаның жалпы отырыс залында болды. Депутаттардың заңмен жұмыс істеу орындарымен танысты.

Депутат Сауырбай Есжанов оңтүстік өңірден келген зейнеткерлерге Парламенттің құрылымы, заң шығару тәжірибесі туралы айтып берді. «Бүгінгі таңда Елбасының Жолдауынан туындайтын заңдар бірінші кезекте қабылданады. Сондай-ақ елімізді дамытуға бағытталған, елдің индустриалды-инновациялық жедел даму бағдарламасын іске асыруды көздейтін заң жобаларын қабылдау міндеті алдымызда тұр. Қазіргі уақытта депутаттар үш жылдық республикалық бюджет жоспарын қарауды бастады. Біздің мақсатымыз - халықтың жағдайын жақсартуға арналған бағдарламалардың бюджет жоспарына көбірек енуіне, олардың орындалуына барынша атсалысу,- деді депутат С.Есжанов.

Меймандар «Нұр Отан» партиясынан сайланған халық қалаулысына өздерінің өтініштері мен ризашылықтарын жеткізді. Төртінші парламенттік сессияның басталуымен құттықтап, сайлаушылардың сенімінен шыға беруіне тілек білдірді. Астананың ғажап көріністеріне сүйсіне қарағандарын айта кетіп, тәуелсіз мемлекетіміздің келешекте өркендей беретініне сенімдері мол екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар