Ардагерлер мен мектеп оқушылары Мәжіліс үйінде болды

АСТАНА. Маусымның 7-сі. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданынан Астанаға арнайы келген ардагерлер мен мектеп оқушылары Мәжіліс үйінде болды. Олар Парламент Мәжілісінің депутаты Төлебек Қосмамбетовпен жүздесті,

Ардагерлер мен мектеп оқушылары Мәжіліс үйінде болды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Меймандар арасында тыл еңбеккерлері, құрметті демалыстағы еңбек ардагерлері және тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардан шыққан 15 оқушы бар. Бұл сапарды Шардара ауданының әкімшілігі ұйымдастырған.

Оңтүстік өңірден келген меймандар Парламент палаталарының бірлескен отырыс залын, Мәжіліс депутаттарының заңмен жұмыс істеу орындарын аралап көрді.

Депутат Т. Қосмамбетов өңірден келген зейнеткерлер мен жас шәкірттерге Парламенттің құрылымы, заң шығару тәжірибесі туралы айтып берді. «Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылғы «Жаңа Қазақстан - жаңа онжылдық - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар жүзеге асырылуда. Парламент депутаттары еліміздің дамуы үшін аса маңызды заң жобаларын талқылау үстінде. Үкімет басшысының атына және министрлерге тұрғындардың әлеуметтік жағдайына байланысты депутаттық сауалдар жолдаймыз. Мақсатымыз - халықтың мұқтаждарына билік органдарының назарын аудару»,- деді.

Өз кезегінде оңтүстікқазақстандықтар Астананың сәулеті мен сән-салтанатын тамашалап, мәртебелері өскенін айта кетіп, өркениетке бет түзеген мемлекетіміздің келешегіне деген үлкен сенімдері бар екенін жеткізді.