Ардагерлер жастарға шынайы патриоттық рухтағы тәрбие жайын әңгімелеп берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Отан қорғаушы күнін және Ұлы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу аясында «Ұрпақтар сұхбаты» атты акциясы өтіп жатыр.

Ардагерлер жастарға шынайы патриоттық рухтағы тәрбие жайын әңгімелеп берді

Атап айтқанда, бүгін елордадағы  «Астана» ұлттық сурет галереясы аталған акция барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл ардагерлері және интернационалист жауынгерлермен  кездесу ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелге  шақырылған соғыс ардагерлері Абдурахмет Сафаров, Бақтыбай Алмабеков және Тұрсынбай Момынқұлов, сондай-ақ тыл ардагері Орынтай Шамренова әжей нәубетті соғыс жылдарында бастарынан өткен оқиғаларды жастарға айтып берді.

Іс-шара ардагерлерге құрмет көрсету, ҚР Қарулы Күштерінің беделін көтеру  және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осы ретте бүгін өткізіліп жатқан «дөңгелек үстелге» ҰОС ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, сондай-ақ Ауған соғысы ардагерлері, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің және № 73  мектеп-гимназиясының оқушылары қатысуда.

Жиын барысында  ардагерлерімізге ерекше құрмет пен қошемет танытуға бағытталған шаралар пысықталды.

 Мұнымен қоса, шара барысында өз туындыларын Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнаған Астана суретшілері Виктор Кель және Аманжол Мусалимовтың еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.