Ардагерлердiң Астана мен Мәскеу қалаларындағы әскери шеруге қатысуына 61 млн. теңге бөлiндi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ардагерлердiң Астана мен Мәскеу қалаларындағы әскери шеруге қатысуына 61 млн. теңге бөлiндi. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму вице-министрi Светлана Жақыпова мәлiм еттi.
«Астана қаласында Жеңісті атап өтуге арналған іс-шараларға 270 соғыс ардагерi келiп қатысады. Оларды ертіп жүретін 80 адамға да мүмкiндiктер жасалады. Мәскеу қаласында Қызыл алаңда өтетін әскери парадқа 6 соғыс ардагері аттанады және 6 еріп жүретін адам қатысады. Астана мен Мәскеу қалаларындағы Жеңісті атап өтуге арналған іс-шараларға ардагерлердің қатысуына республикалық бюджеттен 2015 жылы 61 млн. теңге бөлінді», - дедi вице-министр.
Қазiргi уақытта олар үшiн Мәскеуде және Астанада қажеттi қонақүй бөлмелерiне алдын ала тапсырыстар берiлдi.
Светлана Жақыпова бұдан бөлек 2015 жылы Ұлы Отан соғысына (ҰОС) қатысқандар мен мүгедектерге, оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан ҚР өзге де азаматтарына бір реттік материалдық көмек беруге республикалық бюджетте 5,8 млрд. теңге қарастырылғанын айтты.
2015 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, Қазақстанда 4715 - Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер, 193015 - ҰОС жылдарында тылда жұмыс істегендер; 245 - «Қоршаудағы Ленинград тұрғындары»; 616 кәмелетке толмаған концлагерьде қамауда, гетто және басқа да мәжбүрлі орындарда болғандар; 172 ҰОС кезіндегі әскери қызметкерлердің әйелдері, партизандар, астыртын жұмыс істегендер, қайтыс болғандар (із-түзсіз жоғалып кеткендер), қайта үйленбегендер; 10808 - қайтыс болған мүгедектердің әйелдері.