Ардагерлердің жаңа санатына енгендерге қандай жәрдемақы беріледі

«Ардагерлердің жаңа санаттарына енген азаматтарға ай сайын 4,8 АЕК көлемінде, яғни 13 435 теңгелік арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау ұсынылып отыр. Сонымен қатар оларға бұрын көрсетіліп келген жеңілдіктер мен кепілдіктер күшінде қалады», - деді ол.
Еске сала кетсек осыдан бір ай бұрын Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ардагерлер туралы» Заңы қабылданған болатын. Заң жобасының негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру.
«Біріншісі – ол ҰОС ардагерлері. Бұл санатқа соғысқа қатысушылар және ҰОС мүгедектері жатады. Екіншісі басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлеріне қатысты. Заң жобасына сәйкес, оларға Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларының сыртқы қорғанысын күшейтуге қатысқан, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды шешуге, Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингенке кіретін азаматтар санаты жатады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.