Әрдайым бір Тудың астында, бір тілектің үстінде, бір дастарқанның басында бола берейік! -Р. Халмұрадов

АНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы аяқталды. Отыз күн оразаның адам баласына беретін рухани қуаты, Алла тағаланың мұсылманның үмбетіне жүктеген парызы мен міндеттері туралы  Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов

Әрдайым бір Тудың астында, бір тілектің үстінде, бір дастарқанның басында бола берейік! -Р. Халмұрадов

ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

- Розақұл Сатыбалдыұлы, міне, Ораза айт күндері өтуде. Қасиетті Рамазан айы туралы пікіріңізді айтып өтсеңіз?

- Биссимиллахи Рахман-рахим! Міне, барлық айлардың ішіндегі ең ұлығы Рамазан айы да өте шықты. Құранның «Бақара» сүресінің 185-аятында «Рамазан - адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы бекем тұтынатын жол басшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай» екені жазылған.

Осы аятта Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстауға міндетті екені, егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтеуі тиіс екені ескертілген. Оразаны қиналып, көңілің түсіп жүріп ұстауға болмайды. Аталған сүреде «Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» деп айқын жазылған.

Алла Тағала бізге оразаны, ол арқылы Өзіне құлшылық жасауымыз үшін парыз еткен. Оразамыз қабыл болып, пайдасы тию үшін көптеген міндеттер жүктелген. Халыққа адал қызмет ету - әр адамның азаматтық парызы. Мемлекеттік қызметті таза атқарып, бойына мін, жанына кір тигізбеген жандарды Алла сүйеді.

- Ораза айт күні Қазақстан халқына қандай тілек тілер едіңіз?

- Таразыдан қымқырған саудагер Алланың алдында күнәлі болатынын жақсы білесіздер. Сол секілді өзіне жүктелген міндетті адал атқармай, қазынаның қаржысын жымқырған, сыбайлас жемқорлыққа жол берген пенделер Құдайдың алдында да күнәлі болатыны ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат! Мен Қазақстанның әрбір азаматын осындай масқарашылықтан сақтауын тілеймін!

Әз Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. бір хадисінде: «Сіздердің ең жақсыларыңыз - ақырет үшін дүниесін, дүние үшін ақыретін тастамағандар және адамдарға масыл болмағандар." - депті.

Еліміздің әр азаматы мемлекетке де, өзге адамдарға да масыл болмауды ойлап, өз отбасын асыраудың адал көзін таба біліп, ерінбей еңбек етсе, халық та бақуатты болады, еліміз де ілгері басады.

Хазреті Пайғамбарымыз с.ғ.с. бір хадисінде «Адам баласының бақытты болуының бір сыры - Аллаһ тағаланың үкімдеріне ырзашылық көрсетуінде. Ал (өмір жолына көңілі толмай) арызданып жүруінің себебі Алла тағаладан жақсылықты талап етуді доғарып қоюында. Сол сияқты тағы бір себебі Алланың үкімдеріне ырзашылық танытпауында»,  - деп жазады.

Сондықтан әр күнімізге риза болып, тыныштықпен атқан таңымызға тәубе деуіміз керек деп ойлаймын.

- Бірлік пен ынтымақ та адамдардың пейіліне байланысты болмай ма?

- Елбасы ынтымақ пен бірлік туралы жиі айтып жүр. Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұрады. Ешбір ұлтты сыртқа теппеген, аумалы-төкпелі замандарда, Ұлы Отан соғысының алдында және соғыс кезінде, одан кейінгі саяси науқандарда Қазақстанға ерікті және еріксіз қоныс аударған ұлттардың өкілдері бейбіт өмір сүріп, өз ұрпағын өсіріп жатыр. Елдің ынтымағы мен ырысы жарасым тауып тұр. Біз қазақ жерін мекен еткен барлық этнос өкілдері татулығының сыры - Қазақ халқының кең пейілі, қонақжайы, табиғи болмысында, бітімшіл жаратылысында жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан бәріміз де ұлы қазақ халқына өте ризамыз!

Адамға білім алудың қаншалықты сауап екендігін әз Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) бір хадисінде айтқан екен. Ол: «Ілім - дүние мен ақырет бақытының кілті» деген. Жалпы, Құран Кәрімнің  670 жерінде ілім жайында баян етіледі.

Біздің Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ғылым мен білімнің дамуына, жас ұрпақтың білімді де білікті маман болып шығуына ерекше мән беріп келеді. Осы мақсатта атқарылған нақты істер орасан зор. Салынған мектептерді, жоғарғы оқу орындарын айтпағанның өзінде бір ғана «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының өзі неге тұрады?! Мұндай бағдарлама көп елдерде жоқ. Енді бір он жылда еліміз ілгері басқан кезде, бұл бағдарламаның жемісін анық байқайтын боламыз.

Алла адамға не берсе де, ниетіне қарай береді дейді. Сондықтан оразаға жүрекпен ниет етіп, елімізге адал қызмет жасап, халқымыздың сенімінен шыға білсек, Алланың сүйікті құлдары болып саналамыз.

- Өзіңіз мұсылманның парызын түгел орындап жүрсіз бе?

- Аллаға шүкір, өзім отыз күн оразамды ұстадым. Әр кеш сайын тарауық намазына бардым. Біз Кеңес дәуірінде тәрбиеленген ұрпақпыз. Ол кезде дін мен ділге, ана тілімізге шектеу жасалғаны белгілі. Ал Қазақстанымыз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, біздің мұсылман ретінде есіміз кірді десек, артық айтқандық болмас. Жасымыздан үлкендердің ораза ұстап, намаз оқығанын көріп өссек те, оған жете мән бермей келген едік. Ал еліміз тәуелсіз болып, жан-дүниеміз рухани бостандық алған кезден бастап Ислам дінінің терең тұңғиығына үңіле түстік.  Қазір Аллаға шүкір, мұсылманның парызы мен міндеттерін мүмкіндігінше орындауға тырысып жүрміз.

Жуырда Мемлекет басшысының бастамасымен ораза тұтқан мұсылмандарға киелі шаңырақта ауыз ашар берілді. Мұндай өнегелі шараны өткізудің өзі - ынтымақтың, бірліктің, қайырымдылықтың белгісі. Сол басқосуда мұсылмандардың тілегі мен ниеті бір жерден шығып отырды. Әрдайым бір Тудың астында, бір тілектің үстінде, бір дастарханның басында бола берейік! Қазақстанның бейбітсүйгіш көк Туы биікте желбірей берсін! Оразадан оразаға аман-есен жете берейік.

 - Тілегіңіз қабыл болсын!