Әрең аяқтадым: Тихон Варехин Азия ойындарының финалына қалай өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі бессайыстан Қазақстан құрамасының өкілі Тихон Варехин 2026 жылғы Азия ойындарының финалына жолдама алды. Жартылай финалдан кейін қазақстандық спортшы кедергілер жолағында неліктен тәуекелге бармағанын және жарыстың қай кезеңі ең қиын болғанын айтып берді. Бұл туралы ҰОК жазды.

Әрең аяқтадым: Тихон Варехин Азия ойындарының финалына қалай өтті
Фото: ҰОК

— Жартылай финалға қойған жоспарымның бәрін орындадым. Кедергілер жолағында ойлағанымдай өнер көрсеттім. Тек сақиналарда тәуекелге бармай, сақтық таныттым. Ұпайым мен орнымды сақтап қалғым келді. Бірқалыпты өттім. Өте жақсы болды деп айта алмаймын, бірақ қателеспей, тәуекелге бармадым. Қалған сайыстарда да бәрі жақсы болды. Жүзуден жеке рекордымды жаңарта алмадым, дегенмен жалпы нәтиже жаман емес, — деді ол.

Спортшы бұл жолы лазер-ран өте қиын болғанын айтады.

— Күн қатты ыстық, ауа да қапырық. Жарысты бар күшімді салып, әрең аяқтадым деуге болады. Дегенмен бәрі сәтті өтті. Финалға шыққаныма қуаныштымын. Енді алға қарай жұмыс істейміз. Шешуші сайысқа барынша жақсы дайындаламын. Бар күшімді саламын. Көп нәрсе кедергілер жолағына байланысты болады. Ондағы кедергілер әр жарыста өзгеріп отырады. Сондықтан трассаның ерекшелігіне қарай тактика құрамыз, — деді Варехин.

Айта кетейік, Тихон Варехин жартылай финалда А тобында төртінші орын алып, 2026 жылғы Азия ойындарының финалына жолдама алды.

Қазіргі бессайыстан ерлер арасындағы финалдық сайыс 20 қыркүйекте өтеді.