Арендалық үйлерді сатып алу тетігін қайтарған дұрыс - министр
«Бұрынғы әріптесіңіз Қайырбек Өскенбаев мырза бұған дейін жалға берілетін үйлер жекешелендіріледі деп айтқан еді. Сол жұмыс қалай жүргізіліп жатыр? Үкіметке ұсыныс әзіледіңіздер ме?» - деп сұрады БАҚ өкілі Марат Қарабаевтан.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе дәл қазір күн тәртібінде жоқ.
«Жалға берілетін үйлерді жекешелендіру мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз. Қазір Парламентте жатқан заң жобасында ол мәселе қарастырылмаған. Қоғам белсенділері бұл мәселені көтерді. Оны қосымша қарастырамыз», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол аталған мәселені мүгедектігі бар және балалар үйінде тәрбиеленген азаматтар көтеріп жүргенін атап өтті.
«Осы уақытқа дейін салынып, жалға берілген 36 мың үй бар. Биыл тағы әкімдік тарапынан 10 мың үйді сатып алуға қаржы бөлдік. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалға берілетін 46 мың үй болады. Жалпы келісемін, ол үйлер иесіз болғандықтан жағдайы төмен. Меншік иесі болмағандықтан, дұрыс қаралмайды. Сондықтан, кейбір топтарға өзінің құнымен, яғни қандай құнмен салынған немесе алынған болса, сол құнымен жекешелендіруге мүмкіндік берген жөн», - деді ол.