Аргентина экономикасы техникалық рецессияға ұшырады
АСТАНА. KAZINFORM – Аргентина экономикасы 2026 жылдың үшінші тоқсанында 1,8 пайызға қысқарып, техникалық рецессияға ұшырады. Ел экономикасы осымен екі тоқсан қатарынан құлдырап отыр, деп хабарлайды Еуроньюс.
Бұл туралы Аргентина Ұлттық статистика және халық санағы институты (Indec) жариялаған экономикалық белсенділіктің айлық индексінде (EMAE) көрсетілген. Шілде-қыркүйек айларындағы 1,8 пайыздық төмендеу екінші тоқсанда тіркелген 1 пайыздық құлдыраудан кейін болды. Мұндай жағдай мұнай өндіру және тау-кен өнеркәсібі сияқты негізгі салалардың өсіміне қарамастан қалыптасты.
Қыркүйек айында экономикалық белсенділік тамызбен салыстырғанда 1,1 пайызға артқан. Алайда бұл көрсеткіш 2025 жылғы қыркүйектегі деңгейден 1,2 пайызға төмен болып қалды. Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) нақты динамикасын көрсететін түпкілікті деректер 16 желтоқсанда жарияланады.
Президент Хавьер Милей үкіметі рецессия туралы түпкілікті қорытынды жасауға асықпауға шақырды. Ал экономистердің пікірінше, EMAE деректері экономиканың екі тоқсан қатарынан қысқарғанын көрсетеді.
Экономикалық құлдырауға ішкі сұраныстың әлсіреуі елеулі әсер еткен. Бұл табиғи ресурстарды өндіруге байланысты салалардың өсіміне қарама-қайшы үрдіс қалыптастырды. Қыркүйекте көмірсутек пен пайдалы қазбаларды өндіру көлемі жылдық есеппен 11,1 пайызға артқанымен, бұл басқа салалардағы төмендеуді өтеуге жеткіліксіз болды.
Ең үлкен құлдырау балық шаруашылығында тіркелді. Бұл саладағы көрсеткіш 48,6 пайызға төмендеген. Ауыл шаруашылығы 2 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 1,8 пайызға қысқарды. Аталған салалар ел экономикасында елеулі орын алатындықтан, олардың теріс көрсеткіштері энергетика мен минералдық ресурстар экспортының өсімін теңестіре алмады.
Экономикалық белсенділіктің төмендеуіне тұтыну көлемінің азаюы да әсер етті. Соңғы жылдары сұранысты қолдап келген бөліп төлеу тетігінің ықпалы әлсіреген. Ал жеке тұлғаларға берілетін кредиттердің жылдық мөлшерлемесі шамамен 64 пайызға жетті. Қарызын өтей алмай жүрген азаматтардың саны 6 миллионға жуықтаған.
Халықтың сатып алу қабілетінің қалпына келуіне бағаның өсуі де кедергі болып отыр. 2023 жылы жылдық инфляция 211 пайызға жеткен еді. Кейін бұл көрсеткіш едәуір төмендегенімен, 2026 жылға арналған болжам нашарлады. Жыл басында бағаның орташа өсімі 22,4 пайыз болады деп күтілсе, қазір бұл болжам 31 пайызға дейін көтерілді. Қазан айында айлық инфляция 2,2 пайыз болды. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 1,9 пайызды құраған.
Жалақы да толық қалпына келген жоқ. LCG консалтингтік компаниясының дерегінше, ресми тіркелген қызметкерлердің жалақысы қыркүйекке қарай өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда нақты мәнде 2,5 пайызға өскен. Соған қарамастан, еңбекақы 2023 жылғы қарашадағы деңгейден әлі төмен. Әсіресе мемлекеттік секторда жалақының жиынтық төмендеуі 15,4 пайызға жеткен.
Экономикалық ахуал еңбек нарығына да әсер етті. 2026 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 7,9 пайызға жетті. Бұл – Хавьер Милей билікке келгеннен бергі ең жоғары көрсеткіш. Ресми статистика бойынша, жеке секторда 300 мыңнан астам жұмыс орны қысқарған. Мемлекеттік секторда шамамен 70 мың адам жұмысынан айырылған. Сонымен қатар 30 мыңға жуық компания жабылған.
Рецессия президенттің экономикалық бағдарламасына соққы болғанымен, оның кейбір маңызды нәтижелерін жоққа шығармайды. Атап айтқанда, Аргентина 2024 жылы соңғы 14 жылда алғаш рет бюджет профицитіне қол жеткізді. Сондай-ақ инфляция деңгейі күрт төмендеді.
Ішкі экономикалық қиындықтарға нарық сенімінің әлсіреуі қосылды. Жақында Аргентинаның елдік тәуекел индексі 1100 пунктен асып, 2025 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Ал доллардың ресми бағамы 1630 песодан асты.
Экономиканың алдағы өсіміне қатысты болжамдар да төмендеді. El Tiempo басылымының мәліметінше, LCG компаниясы 2026 жылы Аргентина ЖІӨ-нің өсімі 0,7 пайыздан аспайды деп есептейді. Бұл үкімет жоспарлаған 3 пайыздық өсімнен әлдеқайда төмен. 2027 жылы билік экономиканың 4 пайызға өсуін күтсе, LCG сарапшылары бұл көрсеткіш шамамен 1,5 пайыз болады деп болжайды.
Тұтынудың төмендеуі, жалақының баяу өсуі және негізгі салалардағы қиындықтар Хавьер Милейдің экономикалық саясаты мен екінші мерзімге сайлану жоспары үшін үлкен сын-қатерге айналып отыр.
Еске салайық, Аргентина президенті Хавьер Милей 2027 жылы өтетін президент сайлауына екінші мерзімге түсуге ниетті екенін мәлімдеген болатын.