Аргентина соты Кристина Киршнерді мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетті

АСТАНА. KAZINFORM — Аргентина Жоғарғы соты елдің бұрынғы президенті Кристина Фернандес де Киршнерге қатысты алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын күшінде қалдырды. Бұл шешім оған өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салады, деп жазды Еuronews.

Бұрынғы Индустрия вице-министріне қатысты сот үкімі шықты
Фото: Kazinform

Сот оны жемқорлық жасады деп таныды: президент және бірінші ханым болған кезінде 50-ден астам мемлекеттік қызметті заңсыз тағайындағаны үшін айыпты деп танылды.

Үкім жарияланған соң Буэнос-Айресте экс-президенттің жақтастары көшеге шығып, наразылық акциясын өткізді. Олар ел астанасының басты көшелерін жауып, Киршнерге қарсы көзқарасымен танымал «Canal 13» және «Todo Noticias» телеарналарының кеңселеріне басып кірді.

Қорғаушылардың айтуынша, сот құрамындағы судьялар экс-президенттің саяси қарсыластарына және ірі экономикалық топтарға жақын болған. Киршнердің өзі бұл үкімді саяси қуғындау деп бағалап, «билік шынайы оппозиция емес, экономикалық элитаның қолында» деді.

Аргентина Ішкі істер министрлігіне 72 жастағы Киршнер үшін күзетпен ұсталатын орын дайындау тапсырылды. Адвокаттары оның жасын ескере отырып, үйқамақпен жазасын өтеуді сұрап отыр.

Бұған дейін, 2022 жылы Киршнер жемқорлық айыбымен сотталған болатын. Ол кезде сот кәсіпкер Ласаро Баэс пен бұрынғы министр Хосе Лопеске артықшылық жасағаны үшін кінәлі деп тапқан. 2025 жылғы наурызда Жоғарғы сот оның үкімді қайта қарау туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Экс-президенттің адвокаттары бұл істі халықаралық құқық қорғау ұйымдарына жеткізетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Аргентина парламенті президентке қатысты жанжалды тергеу үшін комиссия құратыны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар