Аргентинада қылмыскерлер 30 секундтың ішінде банкті тонап кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Буэнос-Айрестен небәрі 30 шақырым жердегі Тигре қаласында қарақшыларға банктен 750 мың песоны алып кетуге жарты минут қана керек болған.
Аргентиналық "Тодо нотисиас" телеарнасының хабарлауынша, беттерін тұмшалаған баукеспелер банкке Mercedes автомобилімен келген. Олар шыны есікті қиратып, ішке кірген де ақшаны жымқырып кеткен.
Банктегі ұрлық небәрі 24 секундқа созылған.
Телеарнаның деректеріне қарағанда, ұрлық кезінде мылтық атылмаған. Банкінің шығыны 750 мың песо ($47 мың).
Полицияның мәлімдеуінше, қылмыскерлер банктің маңындағы бірнеше үйден кейін машинаны тастап, өзге көлікке мініп кеткен.