Аргентинада қысқартуларға қарсы наразылық шеруі өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аргентина астанасы Буэнос-Айресте мыңдаған адам жиналып, ел президенті Маурисио Макри ұстанған саясатқа қарсылық білдірді, деп жазады «Хабар 24».
Наразылық шеруге шыққандар жағдайдың күн санап төмендеп бара жатқанын алға тартып отыр. Олар биліктен жаппай қысқартуды доғарып, жалақыны көбейтіп, азық-түлік бағасын тұрақты етуін талап етті.
Жұмысшылар кәсіподағы ұйымы басшысының айтуынша, соңғы бір жыл ішінде 1 млн 300 мың адам тақыр кедейге айналған.
Билік саясатына сырттан келген мигранттар да наразы. Олар президенттің босқындарды елден шығару үдерісіне өзгеріс енгізуге бағытталған жаңа жарлығына көңілдері толмайды.
«Парламент депутаттарының айтуынша мигранттардың барлығы алаяқ. Олар жергілікті тұрғындарға тиесілі жұмыс орындарын тартып алып жатыр. Бірақ бәрі де олар ойлағандай емес. Біз адал еңбек етіп, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандармыз», - дейді Аргентинада тұратын Мексика азаматтары ассамблеясының өкілі Лилиана Чавес.