Аргентинада вандалдар Мессидің екі аяғын «сындырып кетті»
АСТАНА. ҚазАқпарат -Аргентина құрамасын 2018 жылғы Әлем чемпионатына жалғыз өзі сүйреп шығарған Лионель Мессидің Буэнос-Айрестегі мүсіні тағы қиратылды. Бұл жайлы дүйсенбі күні «Еуроспорт» хабарлады.
Аргентина құрамасы мен «Барселонаның» шабуылшысы Лионель Мессидің Буэнос-Айрестің Пуэрто-Мадеро ауданындағы мүсіні 2017 жылдың қаңтарында да вандалдардың шабуылына ұшыраған болатын. Ол кезде бұзақылар ескерткішті қақ ортасынан бөліп кетсе, бұл жолы футболшының екі аяғын "сындырған".
Айта кетейік, Месси бес дүркін «Алтын доп» иегері атанған әлемдегі жалғыз футболшы. Дегенмен, бұл рекордын 7 желтоқсан күні Криштиану Роналдумен бөлісуі мүмкін.