Аргентинамен өтетін матчта Қазақстан құрамасына өзгерістер енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан құрамасы 3-4 ақпан күндері Росарио қаласының топырақ төсенішіндегі корттарында Аргентина құрамасымен Дэвис кубогінің іріктеу матчын өткізеді.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Юрий Щукин бастаған бапкерлер құрамасы Александр Бубликтің олимпиада жолдамасын алуына басымдық беру жөнінде шешім қабылдады.
Қазақстанның бірінші ракеткасы осы аптада Монпелье (Франция) турнирінде ойнайды. Егер осы додада сәтті өнер көрсетсе, Париж олимпиадасына қатысу мүмкіндігі ұлғаяды.
Сонымен қатар Аргентинамен матчқа Бейбіт Жұқаев қатыспайтын болды. Ол жуырда Аустралиядағы жарыста жарақат алып қалды.
Осылайша, Росариода ел намысын әлемнің 176-ракеткасы Денис Евсеев, сондай-ақ Тимофей Скатов, Дмитрий Попко және жұптық сында әлемдік рейтингіде 48-орында тұрған Александр Недовесов қорғайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде бесінші орынға түсіп қалғанын жазған болатынбыз.