Археологиялық материалдардың мемлекеттік қоры жасалады
АСТАНА. KAZINFORM — Археологиялық материалдардың мемлекеттік қоры жасалады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелеріне арналған заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов айтты.
— Археологтар жаппай жәдігерлерді табады. Бірақ кейін сол табылған дүниелер қайда кетеді, қайда тапсырылады – біркелкі жүйе жоқ. Бірін сөрелерде шаң басып жатыр, бірі жоғалып кеткен. Ал бір бөлігі есепке алынбаған. Енді біз археологиялық материалдардың мемлекеттік қорын жасаймыз. Музейлік құндылығы бар жеке жәдігерлер заңда бекітілгендей музейге беріледі. Ал жаппай жәдігерлер мен табылған материалдар – депозитарийде, ғылыми ортаға ашық, қауіпсіз жағдайда сақталады. Бұл шешім – археологиялық мұраның сақталуына мүмкіндік береді, - деді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, заң жобасында қазбадан кейін археологиялық объектіні өз кейпінде сақтау мен айналасын қалпына келтіру көзделген.
— Кей археологиялық жұмыстардан кейін қазба орны жабылмайды, рекультивация толығымен жасалмайды. Тіпті ескерткіштердің өзі бүлінеді. Жобада әрбір археолог қазбадан кейін жерді қалпына келтіру туралы, яғни консервация-рекультивация жұмыстарын жүргізу бойынша талаптар нақтыланады, - деді ол.
Айта кетейік, Мәжіліс заңсыз археологиялық қазба жұмыстарын тыятын заң жобасын талқылап жатыр.