Архимед Мұхамбетов 130 отбасына пәтер кілтін тапсырды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін Жітіқара қаласы мен Денисов , Федоров аудандарының тұрғындарына жаңа пәтердің кілті тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Архимед Мұхамбетов 130 отбасына пәтер кілтін тапсырды

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Жітіқара қаласының 80 жанұясына пәтер кілтін тапсырды. Бес қабатты 80 пәтерлі үй осы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды.

Үй құрылысы кезінде 121 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 68 адам халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама алған.

«Бүгін біз үшін өте маңызды, көптен күткен күн, ол өмір бойы есте қалады. Оның үстіне, біз өз үйіміздің кілтін Тәуелсіздік күнін мерекелеу кезінде алдық. Бұл - бізге мемлекеттен тамаша сыйлық», - дейді пәтер алған көпбалалы ана Айсұлу Ақтаева.

Облыс басшысы Айсұлу Ақтаеваға 3 бөлмелі пәтердің кілтін берді. Бұған дейін олар жалдамалы пәтерде тұрған.

Сондай-ақ, бүгін Федоров ауданы Федоров ауылы мен Денисов ауданы Денисов ауылының тұрғындары да қоныс тойын тойлады.

Биыл Федоров ауылында 4 және 24 пәтерлі тұрғын үйлер салынды. Мереке күні кезекте тұрған көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға баспана берілді.

Денисов ауылындағы 20 пәтерлі үйге де көпбалалы отбасылар мен жетім балалар қоныстанды.

Сонымен қатар дәрігерлерге, әлеуметтік сала қызметкерлеріне және кезекте тұрғандарға пәтер кілті тапсырылды.

Бүгінде Қостанай облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында 328,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 51 мың шаршы метр үй нарыққа шығады.

Жоспар бойынша 850 аз қамтылған отбасы мен мұқтаж жандар тұрғын үй жағдайын жақсартпақ.