Архимед Мұхамбетов депутаттарға есеп берді
Жиын барысында аймақ әкімі коронавирустық инфекциямен күрес және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Жалпы өткен жеті айдың қорытындысы бойынша облыста негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі байқалады.
«Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 106,5%, ауыл шаруашылығы 102,0%, негізгі капиталға инвестициялар 113,8%, құрылыс жұмыстары 114,3%, тұрғын үйді пайдалануға беру 108,4% өскен. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 6,5%-ды құрады. Кәсіпорындар 18,9% өсімді қамтамасыз етті. Жыл басынан бері машина жасау өндірісі 1,5 есеге ұлғайды. Өңдеудегі үлесі шамамен 42,1%-ды құрайды. Мәселен, «СарыарқаАвтоПром« компаниясы қысқа мерзімде 19,5 мыңнан астам техника өндіріп, өндірістік өсімді 1,7 есеге ұлғайта алған. 2020 жылға арналған жоспарда 50 мыңға дейін автомобиль шығару көзделген, оның 14 мыңы экспортқа жіберілетін болады. Жыл басынан бері 3 564 автокөлік экспортталды. Автобустарға келетін болсақ, оларды 2020 жылдың соңына дейін 800-ге жеткізу көзделген. Қазіргі уақытта осы жоспардың 70,1% орындалғанын айта кеткен жөн», - дейді өңір басшысы.
Архимед Мұхамбетов облыста іске асырылып жатқан басқа да инвестициялық жобалар туралы да айтып берді. Жаңартылатын энергия көздері саласында Қостанай ауданында «Жел Электрик» ЖШС қуаты 50 МВт жел электр станциясының құрылысын жүргізуде. Ал Арқалық қаласында АӨК бағытында екі жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы, «Торғай ет» ЖШС 2,5 мың ірі қараға шақталған өндіріс ошағы тұрғызылады. «GrainMark» серіктестігі элеватор мен құрама жем зауытын іске қосуды жоспарлап отыр.