Архимед Мұхамбетов: Келесі жылдың басында 100 дәрігерге баспана беріледі
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов денсаулық сақтау басқармасының қорытынды жиынына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында 2020 жылы атқарылған жұмыстары талданып, келесі жылдың міндет-жоспарлары құрылды. Өңір басшысы биыл медицина қызметкерлеріне үлкен салмақ түскенін айтты. Сонымен қатар Архимед Мұхамбетов Үкіметтің Денсаулық сақтау саласын қолдау бойынша кешенді шаралар қабылдағанын атап өтті.
«Жыл басынан бері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дәрігер мәртебесін арттыру шеңберінде орташа жалақы 30%-ға ұлғайды. Бұл көмек орта медициналық персоналдарды да айналып өткен жоқ. Дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 341 мың теңгені құрады. Бұдан басқа, осы жылдың 11 айында Сovid-19 коронавирусымен күреске тартылған 16 548 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге үстемеақы төленді. Қостанай облысына медицина қызметкерлерін тарту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Көтерме жәрдемақы төлеу ауылдарда да қарастырылған. Шалғай елді мекенге барған дәрігерге 1,5 млн теңгеден төленсе, қаладағыларға 1 млн теңгеден беріледі. Осы қолдау шарасымен 114 медицина қызметкері қамтылды. Тағы 185 медицина қызметкеріне баспана кілті тапсырылды. Бұған қоса «Отбасы банкі» АҚ желісі бойынша 3 жылда 70 медицина қызметкері тұрғын үй сатып алды. Облысқа келген дәрігерлерге Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы да тұрғын үй беріледі. Келесі жылдың басында тағы 100 дәрігер жеке баспанасына қол жеткізеді», - деді Архимед Мұхамбетов.
Өңір басшысы айтқандай, медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 6,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 2019 жылғы деңгейден 2,4 есе артық. Нәтижесінде Қостанай облысында бірнеше аурухана жаңарып, инфекциялық емхана пайдалануға берілді.