Архимед Мұхамбетов жол жөндеушілерге ескерту жасады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 2019 жылы Қостанай облысының республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңарту үшін 9,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында «Қазавтожол» ҰК» АҚ ҚОФ директоры Андрей Горват айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Архимед Мұхамбетов жол жөндеушілерге ескерту жасады

Андрей Горваттың сөзінше, бұл қаражат былтырғымен салыстырғанда 200 млн теңгеге артық. Сол себепті шалғай аудандардағы жол жөндеу жұмыстарына қаражат тартуға мүмкіндік бар.

«Республикалық маңызы бар «Қостанай-Қарабұтақ» автомобиль жолының ұзындығы 114 шақырым учаскесін қайта жаңарту үшін құрылыс-монтаж жұмыстарына 4 млрд теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны 36 млрд теңгені құрайды, жұмыстың аяқталу мерзімі 2021 жылға жоспарланған. Учаске бойынша осы жылдың 1 маусымынан бастап жұмысқа кірісеміз және биыл 30 шақырым автожол пайдалануға беріледі», - деді А.Горват.

Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ұлттық компанияның филиалына ескерту жасады.

«Алдымен, «Рудный-Денисов» және «Арқалық- Есіл» бағыттарын қайта қалпына келтіріңіздер. Жұмыстарды 2020 жылға дейін аяқтауды тапсырамын. Өйткені, бұл жолдардың республикалық маңызы бар екенін естен шығармаңыздар. Ал Сіздер бәрін керісінше істейсіздер.

«Арқалық-Есіл» тасжолының сапасы сын көтермейді. Біз 40 жыл жөндеу көрмеген облыстық маңызы бар Амангелді-Жанкелдин жолын жаңғыртып болдық. Ал республикалық жолдарды ретке келтіру әлі тұралап тұр. Мұндайға жол бермеу керек. Асығамын деп, сапа жағын екінші орынға сырғытып тастамаңыздар. Осыны қатаң ескертемін», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, биыл «Екатеринбург-Алматы» халықаралық жолының 714-716 шақырымы жөнделеді. Бұған 774 млн теңге қарастырылған. Жұмыстарды «ВАН» ЖШС және «МО-25» мердігерлік ұйымдары орындайды.