Архив ақтарып, прокуратураға қайта-қайта арызданып әрең ақталдым — желтоқсаншы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Бозой ауылының тұрғыны Амандық Дощанов үш рет прокуратураға өтініш жазған. Үшінші өтініші ғана қанағаттандырылып, «қуғын-сүргін құрбаны болып танылды» деген бір ауыз сөз жазылған тілдей анықтаманы алды. Бұл — Желтоқсан оқиғасына қатысып, қайта-қайта тергеуде болған ақтөбелік үшін ең құнды құжат. Амандық Дощанов Kazinform тілшісіне бастан кешкен екі күннің және тергеуде жүрген бірнеше айдың тарихын айтып берді.

а
Фото: Амандық Дощановтың жеке архивінен

Амандық Дощанов 1986 жылы Алматы зоотехника-ветеринария институты, қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетіне оқиға түсті. 11-сыныпты бітіріп, арман қуып Алматыға барған бозбала 16 желтоқсан күні өзі қатарлы жастардың алаңға жиналып жатқанын естиді.

Себеп — өзге ұлт өкілі билікке келіп, Д. Қонаевтың орнынан алынуы. Ол сол күні ешқайда бармады. Бірақ шыдай алмады, бір күннен соң алаңнан табылды.

— 17 желтоқсан күні алаңға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты арқылы айналып бардық. Жол бойы қатарымызға өзге жастар да қосылды. Көбі студенттер мен жұмысшылар. Жастар «Қазаққа қазақ басшы!» деп ұрандатты. Ал оларға ара-тұра «тараңдар» деп айтып жатты. Өзім кешке дейін жүріп, ауылдан ағам келген соң жатақханаға емес, пәтерге қондым. 18 желтоқсан күні оқуға барған кезде алаңға шыққандардың тізімі жасалды. Менің де аты-жөнімді жазып алып қалды. Кейін «жатақханаға барып жат, сабақ болмайды» деп қайтарды. Жатақханаға оралып, бөлме ішінде отырдық. Ал есік алдында факультет басшылары, белсенділер жүрді. Бір сәтте «Жігіттер, шығыңдар!» деген дауыс естілді сырттан. Сырт киімімізді іліп алып, артқы есікті бұзып алаңға бет алдық. Бірінші және үшінші курс жігіттері болды жанымда. Шыққан соң қайта алаңға бардық. Мұнда жер қайысып тұр. Қыздар қатты белсенді болды. Бір жағында әскер тұрды. «Қайтыңдар» деп айқайлағанымен ешкім тыңдап жатқан жоқ. Бір уақытта қақтығыс басталып кетті. Әскеридің қолында қару, күрек, таяқ болды. Кері қарай қуған кезде қашуға тура келді, — деді ол.

а
Фото: Амандық Дощановтың жеке архивінен

Бірі қуып, бірі қашқанда қайта қарсыласып, алаң толқып тұрды. Әскерилер күш алғанда жастар шегінді. Сәтбаев көшесінің бойымен Сейфуллин көшесіне бағыт алған Амандық Дощанов арыққа түскен қызға көмектесіп, өзі соққы алды.

Есеңгіреп қалған сәтте құтылу мүмкін болмай, оны алаңға қайта сүйреп апарады. Бұл сәтте әскер қолға түскен жастарды алаңға жинап жатқан.

— Басымызды көтермей, қолымызды желкемізде ұстап тұрдық. Бір сәтте алаңға автобустар келіп, қарулы адамдар екі қапталында тұрды. Автобус есігіне жеткенше бізді әрқайсысы ұрды, тепті. Автобусқа мінгізу емес, тиеп алды бізді. Кейбір автобусты жастар тоқтатып, төңкеріп, ішіндегі адамдарды босатып алған екен. Бізді тиеген автобус содан қашып, айналып жүрді. «Түскенде қашамын деп ойламаңдар, қарумен, итпен күтіп тұр» деп айтты. Милиция бөліміне келдік, кіргізді. Қолымызды көтеріп, қабырғаға қарап тұрдық. Қалтамызды тексеріп, барын шығарып жатты. Ал мен куәлігімді жойып үлгере алмай қалдым. Сөйтіп аты-жөнімді, оқу орнымды толық білді. Ешкім аяп қалмады. Темір торға қамап, біртіндеп жауап беруге шақырды.

Мен «орысша білмеймін» деп айттым. Олар «қазір сайратамыз» деп ұрып-соқты. Бөлімшеде менен үлкен қыз бен жігіт те жауап беріп жатты. Оларға да «мен орысша білмеймін, айтыңдаршы түсіндіріп» дедім. «Ауылдан келген, білмейді» деп түсіндіргендей болды бейтаныс адамдар. Амалы таусылған соң желкелеп қазақ жігіттің алдына апарды да «мынадан өздерің жауап алыңдар» деп айтты. Сол кезде 30 жастан асқан бір кісіге әкеліп тастады. «Ағаңа айтқандай бәрін түсіндір. Алаңда не болып жатқанын біз де білмейміз, іште отырмыз» деген соң жағдайды баяндадым. Тыңдап болған соң «Кесірі тиеді, бәрін түгел баяндама. Алаңда емес, автобустан түсіп жатқанда ұсталғаныңды айт» деп түсіндірді. Бір байламға келіп, оқиға солай өрілді. Таңға жуық, 18-нен 19-на қараған түні шықтым. Себебі ішке адам сыймай, бір-бірден жіберіп жатты, — дейді Амандық Дощанов.

Бір көлікті тоқтатып, жатақханаға жеткен соң әдеттегідей сабағына барады. Кейін комсомол комитетінің өкілдері келіп, жиналыс өткізді.

Сұрақ-жауап қайта басталғанда Амандық Дощанов алғашқы сөзінен танбады. «Әке-шешең жоқ, асырап отырған үкіметке қарсы шықтың» деп қайта жауап алып, түнде жатақханаға оралды.

Топтан әскери борышын өтеуге дайындалып жүрген төрт жігіт осы тізімде ілігіп, бірнеше ай бойы бақылауда болды. Жатақханада да, оқу ғимаратында да «мына уақытта, осы мекенжайға шақырды» деген бірауыз сөзді күнде естіді.

— Күн сайын милиция бөліміне шақырып, жауап алды. Сонда кезек күтіп, түн ортасына дейін жүреміз. Кейін көлікке тиеп алып, әскери госпитальдарға апарады. Онда әскери қызметкерлермен беттестіреді. Басы жарылып, көзі шығып қалған ешкімді көрмедім, бірақ сонда жатыр олар. Бозбала болған соң қорқып отырамыз. Таныса, алып қалады. Біз аман қалып, оқуда қысқы сессия басталды. Жатақханаға да шақырту келе бастаған соң сырттай оқып жүрген ауылдың жастарының жанына барып тұрдым. Ал жатақханадағы адамдарға «ауылға кетті» деп айтқыздым. Оқу орнына барып, емтиханды тапсырдым. Ауылға демалысқа барып, оқуға қосылған соң да бірер ай бойы жауап алып жүрді. Көктем шыға тыйылып, жазғы демалысқа кеттім. Комсомол комитеті қатаң сөгіс берді. Оқудан шығаратынын айтқанымен, аман қалдым. Жазда әскер қатарына алындым. Комсомол комитетінің құжатын жойып, бәрін жасырдым. Ештеңе білмеймін, ештеңе көрмедім деп айттым сұрағандарға. Екі жылдан соң оралғанда ел іші өзгерген, адамдарды ақтап жатты. Ешкім тергемеді, тексермеді. Ұмытыла қоймайды. Мектеп бітіріп барған балаға ұлтшыл деп жала жапты бәрі, — деді ол.

Арада 35 жылға жуық уақыт өткенде өңірдегі желтоқсаншылардың бірлестігі құрылды. Ақталу туралы жан-жаққа хабар беріліп, құжат жинау басталды.

Талап бойынша алдымен растау құжаты керек. Амандық Дощанов институт архивінен аты-жөнін іздеді. Бұл да дәлел болмай, республикалық архивті атқаруға тура келді.

а
Фото: Амандық Дощановтың жеке архивінен

2024 жылдың қыс мезгілінде архивке барып, өтініш жасап, «1986 жылы 17-18 желтоқсанға қатысқаны үшін институт тарапынан қатаң сөгіс алды» деген құжатты алды.

Кейін үш рет прокуратураға арыз жазды. Үшінші арызы қабылданып, ресми ақталды. Бүгінде Ақтөбеде бас-аяғы 10-нан астам адам ақталу құжатын алған.

— Біз халық жауы емеспіз. Тәуелсіз елдің құжатын алғымыз келді. Мен Алматыда қалмай, Ақтөбеге оралдым. 1995-2000 жылдар аралығында жеке шаруашылықта мал дәрігері болып, кейін қосалқы шаруашылықта басшылық қызмет атқардым. 2006 жылдан бастап обаға қарсы күрес стансасының бөлімшесінде қызмет атқарамын. Бозой ауылында тұрамын. Бұл біздің жүріп өткен жолымыз, — деді Желтоқсан оқиғасына қатысушы.

Еске сала кетейік, бүгін — Қазақстанның Тәуелсіздік алған күні. 

а
Фото: Амандық Дощановтың жеке архивінен

 

Соңғы жаңалықтар