"Әріптес" Конфедерациясы Президент өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізуге қолдау білдірді

АЛМАТЫ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда құрамында 500-ге жуық үкіметтік емес ұйымдары бар "Әріптес" Конфедерациясының мүшелері мен 14 облысты, инновациялық жаңа технологияларды біріктіретін, екі жарым миллион мүшесі бар ең үлкен Кәсіпкерлік қауымдастығы Президент өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдумды өткізуге қолдауларын білдірді.

"Әріптес" Конфедерациясы Президент өкілеттігін  2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізуге қолдау білдірді

"Біздің пікірімізше, референдум өткізген дұрыс. Біз соңғы 20 жылда жақсы дамып келе жатырмыз. Біздің рейтингіміз дүниежүзілік көлеммен алғанда қазір "тұрақты жоғары" сатысына көтерілді, яғни біз 9 сатыға көтерілдік. Біздің ел қазір дамыған мемлекеттер қатарында тұр. Біздің алдымызда "ең жоғары" ААА деген рейтинг қалды. Осы орайда атап өтетінім, ТМД елдері ішінде көпшілігі Д деген рейтингте өмір сүріп жатыр. Алдымызда тек Ресей елі ғана бар. Бірақ, олар да бізден үйреніп жатыр. Біздің рейтиг осындай жоғары дәрежеге жетіп жатқанда Елбасымызды ауыстырмауымыз керек. Президент әлі елге, халқымызға көп жақсылық жасай алады. Сол жақсылықты көрген біз үшін бақыт. Жоғары рейтинге біз Елбасымен бірге жеттік, осы деңгейімізді сақтап қалу үшін, біз Президентімізбен бірге тағы он жыл еңбек етсек, үш А-ға (ААА) жетпей-ақ қояйық, А деген рейтингке өсуіміз мүмкін. Осы А рейтингіне жетсек, біздің елге мол қаржы құйылуы мүмкін. Себебі, дүниежүзінің инвесторларының барлығы рейтингке қарайды. Елімізде тұрақтылық болса, даму бағыты дұрыс жүрсе, мемлекетте тыныштық болса инвестиция ағып келеді. Біз сондықтан елімізде тұрақтылықтың болғандығын қалаймыз",-деді ҚР Кәсіпкерлік қауымдастығының төрағасы Мейрамбек Байгелді.

Оның айтуынша, ел жақсы жолмен дамып келе жатыр. "Мемлекет сенімге тұратын елге айналды. Елімізде тұрақтылық болғандықтан 300 миллиард доллар қаржы құйылғалы отыр. Қазір елімізге инвестиция салушылар көбейді. Ол өте қуантарлық жағдай",-деп атап өтті ол.