Әріптестері белгілі қаламгер Смағұл Раxымбекті еске алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәдениет қайраткері, ақын, жазушы, белгілі журналист Смағұл Раxымбектің 70 жылдығына орай еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әріптестері белгілі қаламгер Смағұл Раxымбекті еске алды

Смағұл Рахымбек 1952 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын аудандық «Шамшырақ» газетінен бастаған ол ұзақ жылдар бойы Ақмола облыстық телерадио компаниясында аға редактор, бас редактор лауазымдарында болды. Кейін ҚР Президентінің телерадиокешенінде бас редактор қызметін атқарған. Саяси-қоғамдық істерге де белсенді атсалысты. Арқа өңірінде мемлекеттік тілдің, ұлттық салт-дәстүрдің дамуына мол үлес қосты. Қаламгер шығармашылық жолда үлкен табыстарға қол жеткізді. Өлеңдері мен прозалық туындылары жеке кітап болып шықты.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ақселеу Сейдімбек залында өткен басқосуды ғалым-журналист Мұратбек Тоқтағазин жүргізді. Журналистика саласының ардагерлері Жанболат Аупбаев, Бәдуан Имашұлы, Кенже Жұмағұлов, Қазина Нұрқанова, Күләш Молдахметовалар сөз алып, Смағұл Рахымбектің азаматтық асыл қасиеттері, әріптестері арасында сыйлы болғандығы жөнінде естеліктер айтып берді.

Мектепте бірге оқыған сыныптасы Қалы Мантиков жастық шақтағы қызықты оқиғаларды баяндай келіп, замандастары ақынды қадір тұтатынын жеткізді.

Ардагер ұстаз Оспан қажы Сүлейменов, қоғам қайраткері Бауыржан Жаңабекұлы, журналист Базаргүл Үмбетова, университет оқытушысы, аталған факультет деканының орынбасары Гүлжаухар Болатова, кітапханашы Жанар Бекайдарқызы, жас ғалым Амангелді Шүрентаевтар да артында мәңгілік мұрасын қалдырған қаламгер туралы ойларын ортаға салды. Ақын Айбатыр Сейтақ «Смағұл аға рухымен сырласу» атты өлеңін оқыды. Жерлестері атынан сөз алған мұғалім Баян Сисембаева балалық шағында көрші тұрғанын, өзі де ақын болсам деп соған еліктеп өскенін айтты.

«60 жасын өткізген кезде Смағұл ағаның өзі келіп қатысқан болатын. Сонда оны көріп, сөзін тыңдадым. Ол өмірден озған соң, өмірі мен жырларын насихаттау мақсатында біраз істер қолға алынды. Атап айтқанда, Жантеке ауылындағы ақын оқыған мектепте 2019 жылы Смағұл Рахымбектің кабинеті ашылды. Мен сол кабинеттің жетекшісімін. Жыл сайын шығармашылығына арналған кеш өткізіп тұрамыз. Мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқиды. Біз қаламгердің өмірбаянымен таныстырамыз, естеліктер айтамыз», - деді Қорғалжын ауданынан арнайы келген ұстаз Шолпан Елтайқызы.

Ақын С. Рахымбектің бірнеше өлеңіне ән жазылған. Соның ішінде Әсел Іргебаеваның орындауындағы Толқын Нұртасқызының «Шағала-арман» әнін тыңдаушылар әркез жылы қабыл алады. Композитор Марат Әлімжанов «Тәуелсіздік – тұғырым», «Арман ғұмыр» атты жырларына ән шығарған. Сондай-ақ, қаламгердің «Астананың ауасы», «Асыл жарым» өлеңдерінің де музыкасы бар.

Осы кеште студенттер ақынның бірнеше өлеңін жатқа оқыды.

Ақынның жары Әлия Еслямқызы Рахымбекова қаламгердің азаматтық қадір-қасиеті туралы сыр шертіп, өз естеліктерін айтқан әріптестері мен замандастарына және ұйымдастырушыларға отбасы атынан үлкен ризашылығын білдірді.