Арысқа билетсіз аттанған волонтер: 50 күндік көмек пен адамдық парыз

АСТАНА. KAZINFORM – 2019 жылы Арыста оқ-дәрілер жарылғанда Евгений Хисметов билетсіз жолға шығып, зардап шеккен тұрғындарға 50 күн бойы көмектесті. Қарағанды облысының тумасы үшін бұл — қайырымдылық жолындағы алғашқы қадамдардың бірі ғана. Ол жылдар бойы балаларға, көпбалалы отбасыларға және қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетіп келеді. Саран қаласындағы «Арыстан» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Евгений Хисметов біреудің өмірін өзгерту үшін міндетті түрде мол қаражат қажет емес деп есептейді. Кейде бірінші болып қол ұшын созудың өзі жеткілікті.

50 дней в Арыси и годы помощи людям: история волонтера из Карагандинской области
Фото: Евгений Хисметовтің жеке мұрағатынан

Балқашқа дейін тамбурда тұрып жеттім

- 2019 жылы оқ-дәрілер жарылғаннан кейін Арысқа барып, 50 күн болдыңыз. Адамдар көмекке мұқтаж болған жерге бару үшін қалыпты өміріңізді бұзып, жолға шығуға не түрткі болды?

- YouTube-тен жарылыстан кейін адамдардың көмек сұрап жатқан видеоларын көрдім. Ұзақ ойланған жоқпын. Жиналып, әйеліме жолға шығатынымды айттым да, сөмкемді дайындауын өтіндім. Бәрі осылай басталды. Жолға шықпас бұрын пойыз қатынасында қиындықтар бар екенін білдім. Бірақ соған қарамастан вокзалға бардым. Бос орын болмады. Сонда жолсеріктен ең болмаса вагонның тамбурында тұрып баруға рұқсат сұрадым. Волонтер ретінде адамдарға көмектесуге бара жатқанымды түсіндірдім. Ол келісті. Осылайша Балқашқа дейін жеттім. Ол жақта бос орын табылып, сапарымды әрі қарай жалғастырдым.

Арысқа келген бойда жұмысқа кірісіп кеттім. Гуманитарлық көмекті жеткізуге жәрдем сұраған апа есімде қалыпты. Бойшаң кісі емес еді, ал сөмкелері ауыр болғаны соншалық әрең көтердім. Азық-түлікті үйіне жеткізіп бердім. Адамдар өте ауыр жағдайда өмір сүріп жатты. Кейбірі шағын уақытша баспаналарды паналауға мәжбүр болды.

50 дней в Арыси и годы помощи людям: история волонтера из Карагандинской области
Фото: Евгений Хисметовтің жеке мұрағатынан

Алғашқы аптада таңертең ерте тұрып, гуманитарлық көмекті жинап, көрсетілген мекенжайларға жеткізетінмін. Кейін үйлерді жөндеуге көмектесіп, құрылыс алаңдарында жұмыс істей бастадым. Жалпы, Арыста 50 күн болдым. Кейбір адамдардың волонтерлердің кім екенін алғашында түсінбегені есімде ерекше қалыпты. «Сен кімсің? Неге тегін жұмыс істеп жүрсің?» деп сұрайтын. Бірақ күн сайын таңертеңнен кешке дейін келіп, жұмыс істеп жүргеніңді көргенде көзқарастары өзгере бастады. Адамдар сенім артып, тамаққа шақырып, алғыс білдіретін. Сол кезде тағы бір рет құр уәде емес, нақты іс-әрекет маңызды екеніне көзім жетті.

- Арыстан бөлек, Жамбыл облысы мен Екібастұз қаласында да адамдарға көмектестіңіз. Ал Саран мен Ақтас елді мекендерінде күнделікті ең қажетті заттардың өзіне мұқтаж жандарды қолдап жүрсіз. Шынымен көмекке мұқтаж адамдарды қалай тауып аласыз?

- Шағын қалалар мен елді мекендерде көптеген мәселе көзге бірден ілінеді. Бір отбасына көмір керек, енді біреудің үйі өрттен кейін жөндеуді қажет етеді. Кейбір көпбалалы аналар балаларын азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай қиналып жатады. Осындай жағдайлар туралы біліп, қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз.

Кейде адамның күнделікті қалыпты өмірінің тасасында ешкім білмейтін жайттар жатады. Мәселен, бірде балалары қолайсыз ортада өсіп жатқан әйелге бардым. Олардан футбол жаттығуларына неге бармайтынын сұрадым. Сөйтсем, балаларда жаттығуға киетін аяқ киім де болмапты. Оларға кеды мен спорттық құрал-жабдықтар сатып алып бердім.

Әңгімелесу барысында әйелдің балалары жайлы айтқан сөздерін есту ауыр тиді. Мен оған егер балаларды үнемі жаман деп санап, оларға солай қараса, олардың болашақта басқаша болып өсуін күту қиын екенін, оларға мүмкіндік, көңіл және қолдау беру керектігін түсіндірдім.
Сол кезде ауыл тұрғындарын біріктіріп, балалармен бірге жұмыс істеуді, олардың дұрыс жол таңдауына көмектесуді, зиянды әдеттерге бой алдыруы мен қиындыққа тап болуының алдын алуды ұйғардым. Алғашқы кездесуге ешкім келмей, жалғыз өзім жалғастырдым. Біртіндеп балалар келе бастады, кейін олардың қатары арта түсті.

Бұл оқиға маған көмектің әрдайым ақшадан немесе азық-түліктен басталмайтынын көрсетті. Кейде баланы байқап, оған сенім артып, өзін қажет адам ретінде сезінуіне мүмкіндік беру жеткілікті.

Соңғы тәрелке сорпамды бөліскен сәт те болды

- 2010 жылы «Арыстан» қайырымдылық қорын құрдыңыз. Барлығы неден басталды және жұмысыңыз қалай ұлғайды?

- Бастапқыда жағдайы қиын отбасыларда өсіп жатқан балалармен ғана айналыстым. Балаларды футбол жаттығуларына жинап, доп сатып алып, жаттығудан кейін тамақтандыруға тырысатынмын. Мұның бәрін ерікті түрде істедім.

Бірде балалардың саны көбейіп кеткенін байқап, жұмысты жүйелі ұйымдастыру керектігін түсіндім. Сол кезде олардың саны шамамен 300-ге жеткен-ді. Сондықтан барлық мәселені жеке күш-жігеріммен шешу мүмкін емес екені анық байқалды. Осылайша қайырымдылық қорын құру идеясы пайда болды.

50 дней в Арыси и годы помощи людям: история волонтера из Карагандинской области
Фото: Евгений Хисметовтің жеке мұрағатынан

Біртіндеп балаларға ғана емес, әлеуметтік осал отбасыларға, көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға да көмектесе бастадық. Қазір қор арқылы көмекті жүйелі ұйымдастырып, тұрғындармен байланыс орнатуға, түрлі өмірлік жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік бар. Әрине, барлығына бірдей көмектесу мүмкін емес. Бірақ адамның шынымен қиналып жүргенін көрсең, шешім табуға тырысасың. Әсіресе балаларға, баспанасыз қалған отбасыларға немесе қиындықты жалғыз еңсере алмайтын адамдарға келгенде бейжай қалу қиын.

Осы күнге дейін есімде қалған бір оқиға бар. Бірде соңғы тәрелке сорпам қалған еді. Тамақтанайын деп жатқанымда шамамен он жастағы бала бөлмеге кірді. Ол ештеңе сұрамады, тек қарап тұрды. Бірақ көзінен аш екенін түсіндім. Сорпаны жылытып, екіге бөлдім. Екеуміз отырып тамақтандық. Бала күлімдеп, сорпаның дәмді екенін айтты. Қарапайым ғана жағдай сияқты, бірақ мен үшін оның маңызы ерекше.
Жылдар өтті. Сол бала ер жетіп, үйленді. Балалы болды, үй сатып алды, жұмыс істейді. Біз әлі күнге дейін араласып тұрамыз, кейде бірге түскі ас ішіп, сол оқиғаны еске аламыз. Осындай сәттер ерекше қымбат. Бір кездері адамға қолдау көрсеткеніңді, ал қазір оның өзіне және отбасына қамқорлық жасай алатынын көргенде еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің.

Қиын сәтте бірігуіміз қажет

- Соңғы жылдары Қазақстанда волонтерлік қозғалыс айтарлықтай дамыды. Өзіңіз де еліміздің әртүрлі өңірінде адамдарға көмектесіп, бейтаныс жандардың бір мақсатта бірігіп жатқанын көрдіңіз. Қоғамда не өзгерді?

- Меніңше, Қазақстанда волонтерлік қозғалыс өте жақсы дамып келеді. Алғаш бастаған кезімде адамдар тегін жұмыс істеудің мәнін түсіне бермейтін. Арыста мені тіпті әпенді деп санап, уақытым мен күшімді неге бөтен адамдардың мәселесін шешуге жұмсайтынымды түсіне алмады.

50 дней в Арыси и годы помощи людям: история волонтера из Карагандинской области
Фото: Евгений Хисметовтің жеке мұрағатынан

Кейін қаншама адамның еш пайда күтпестен көмектесуге дайын екенін көрдім. Екібастұзда жылу желілерінде апат болып, тұрғындар қиын жағдайда қалған кезде әртүрлі өңірден волонтерлер келді. Адамдар азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізіп, жұмысқа араласты. Кейде көмекке келгендердің саны жергілікті тұрғындардан кем емес сияқты көрінетін.

Осындай жағдайлар адамдардың бірігуді үйренгенін көрсетеді. Қиындық туындағанда жалғыз адамның бәрін еңсеруі қиын екенін, ал біріккенде әлдеқайда көп іс атқаруға болатынын түсінеді. Меніңше, волонтерлік қозғалыстың күші — шынайылығында. Адамдар марапат немесе пайда үшін емес, бейжай қала алмайтындықтан көмектеседі. Бұл қоғам үшін өте маңызды.

- Волонтер болғысы келетін, бірақ ақшасы, таныстары немесе мүмкіндігі жеткіліксіз деп ойлайтын адамға не айтар едіңіз?

- Үлкен қаражат немесе ерекше мүмкіндік пайда болғанын күтпеңіз дер едім. Қасыңыздағы адамдарға қолдау көрсетуден бастаңыз.
Егер аулаңызда көңіл бөлуді қажет ететін балалар болса, оларды жинап, бірге ойын ұйымдастырыңыз, қызықты іспен айналысуына көмектесіңіз. Қарт көршіңізге үй шаруасын атқару қиын болса, қол ұшын созыңыз. Бір отбасы қиындыққа тап болса сол сәтте қандай көмек бере алатыныңызды сұраңыз.

50 дней в Арыси и годы помощи людям: история волонтера из Карагандинской области
Фото: Евгений Хисметовтің жеке мұрағатынан

Өзім бір футбол добы мен бірнеше баладан бастадым. Үлкен қаражат та, көмекшілер тобы да болған жоқ. Бірақ уақыт өте келе осы істің айналасына адамдар жиналды, ал мен жаттықтырған балалар ер жетті.

Олардың кейбірі жастық шағында қателіктер жіберіп, қиын жағдайларға тап болды, тіпті бас бостандығынан айырылғандары да бар. Кейін қалыпты өмірге оралып, жұмыс істеп, отбасын құрды, өз ісін ашты. Адамды бір рет тамақтандыру ғана емес, оның аяққа тұруына, өзіне сенуіне және өмірін өз бетінше құруды үйренуіне көмектесу маңызды.

Бүгін біз көмектесіп жүрген балалардың ертең лайықты азамат болып өскенін, өз отбасыларына қамқорлық жасап, қоғамға пайдасын тигізгенін қалаймын. Олардың өткеннің қателіктерін қайталамай, балаларына құрмет, жауапкершілік пен мейірімділікке негізделген жақсы тәжірибе беруін тілеймін. Өйткені Отаныңды сүю - ол туралы мақтанышпен айту ғана емес. Бұл өзіңмен қатар өмір сүріп жатқан адамдарға қамқор болу да.