Арыста 2030 жылға дейін 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Арыс қаласында өндіріс орындары көбейіп, инвестиция көлемі артады.

Түркістан облысы
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Ауыл шаруашылығы, логистика салаларында да маңызды жобалар жүзеге асады. Бұл жоспардың бәрі Арыс қаласының 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясына енгізілді. Аталған құжат облыс әкімдігінде өткен арнайы мәжілісте таныстырылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласының транзиттік, логистикалық және өндірістік әлеуетін толық пайдалану керектігін айтты. 

«Даму стратегиясындағы әрбір жоспар мен индикаторлар орындалуы тиіс. Тұрақты қадағаланады. Инвестиция көлемін ұлғайту маңызды. Келіссөздер жүргізіп, жұмыс орындарын көбейтетін жобаларды жүзеге асырыңыздар. Арыстың мүмкіндігі жоғары. Жақсы бастамалар бар. Нәтиже күтемін», – деді Дархан Сатыбалды.

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, 9 айдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнімнің көлемі 38,5 млрд. теңгені құрады.

Ұсынылып отырған даму жоспарына сәйкес 2030 жылға дейін Арыста өнеркәсіп өндірісі 12,6 млрд. теңгеден, 35,8 млрд. теңге жетіп, 3 есеге дейін өседі деп күтіліп отыр. Өңдеу өнеркәсібі 20,4 млрд. теңгеге жетіп, 2,5 есеге дейін өссе, құрылыс жұмыстарының көлемі 9,5 млрд. теңгеге жетіп, 1,5 есеге дейін өседі деген жоспар бар. Сауда көлемін 30,2 млрд. теңгеге, яғни, 2 есеге дейін өсіру көзделген. Ал ауыл шаруашылығы көлемін 74,8 млрд. теңгеге жеткізіп, 2,5 есеге дейін өсіру межеленген. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім 72,2 млрд. теңгеден 170,7 млрд. теңгеге жетіп 2,4 есеге дейін өседі деген жоспар бар.

2030 жылға дейін Арыста жалпы құны 386,1 млрд. теңгеге құрайтын 166 инвестициялық жобаны іске асырып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығында 59 жоба жүзеге асырылып, 1843 жаңа жұмыс орны құрылады. Су үнемдеу технологияларын ендіруде 4 жоба іске асып, 105 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өнеркәсіп саласында – 49 жоба, құны 135,6 млрд. теңге (1607 жаңа жұмыс орны), ал білім және денсаулық саласында 22 жоба жүзеге асып, 685 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.

Қалаға 107,4,0 млрд. теңгеге дейін инвестиция тартылып, жылдық инвестиция көлемі 4 есеге дейін өседі деген меже қойылған. Аймақта резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар ашылады. Машина жасау, тамақ өнімдері, құрылыс заттары мен басқада өнімдер, мұнай-химия, көкөніс және жеміс-жидек өңдеу бойынша жобалар жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар