Арыстағы жарылыстан зардап шеккен әскери жұмыссыз, баспанасыз қалған
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Денсаулығына байланысты әскери қызметтен шеттетілген азамат жоғарыдан әділдік іздейді. Айтуынша, ол Арыс қаласында жауынгерлік тапсырманы орындау барысында жараланған. Алты баламен далада қалған оған зейнетақы да тағайындалмаған.

Алтай Асқарбеков «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері. Бұл награда оған Арыстағы еңбегі үшін берілген. Сержант 2019 жылы әскери қоймадағы жарылыстан кейін оқ-дәрілерді залалсыздандыру, тасымалдау, жою жұмыстарын жүргізген. Ол 41-ші күні жауынгерлік тапсырманы орындау барысында жарықшақ тиіп ауыр жараланғанын айтады. Содан бері 5 рет күрделі ота жасатқан азамат тиісті ем де қабылдай алмай жүр екен.
— Әуел бастан-ақ Қарулы Күштер менің жағдайыма тиісті көңіл бөлген жоқ. 2024 жылдың сәуір айында мені әскер қатарынан шығарып, келісімшартты ұзартудан бас тартты. Әлеуметтік қамсыздандырусыз қалдырып, қызметтік өтілімнің жетіспеушілігін желеу ете отырып, бізді баспанасыз және зейнетақысыз қалдырды. Жұмыстан босатылғаннан кейін Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың қабылдауында жараланған сәттен бастап алуға тиіс төлемім бар екені білдім. Бүгінгі күнге дейін төлем мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Үкімет Аппаратының өтініштерді қарауды бақылау жөніндегі бөлім меңгерушісінің орынбасары Болат Байкенов те қабылдады. Ол бізді тұрғын үймен, лайықты еңбекақысы бар жеңіл жұмыспен қамтамасыз етуге және банк алдындағы берешекті есептен шығаруға жәрдемдесуге уәде берген еді. Ол мәселелер де шешілмей қалды, — деді Алтай Асқарбеков.
Әлеуметтік желідегі әскеридің шағымына Жетісу гарнизоны баспасөз қызметі жауап берді.
— Жарақат алғаннан кейін, 2019 жылы запастағы сержант А. Асқарбековке бір жарым айлық ақшалай қамтамасыз ету мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Қарулы Күштер қатарынан босатылған кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық тиісті төлемдер төленді. Атап айтқанда: жұмыстан босатылған кездегі шығу жәрдемақысы — 485 730 теңге; біржолғы тұрғын үй төлемдері — 6 485 724 теңге. Сонымен қатар, отбасына Үштөбе қаласынан 4 белмелі пәтер ұсынылды, бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартты. Осыған орай, ол тұрғын үй мәселесін шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгінуге құқылы — делінген ресми мәліметте.
Ал Алтай Асқарбековтің жұбайы бұл төлемдер жұмыстан шеттетілген әрбір әскери қызметшіге заң бойынша берілуі тиіс төлемдер дейді.
— Ол заң бойынша берілуі тиіс дүние. Үштөбеден берген баспана ескі болды. Әйтпесе бас тартпас едік. Алты баламен күнкөрісіміз қиындап кетті. Жолдасым күзетші болып жүр. Айлығы 145 мыңдай. Ем қабылдамағанына 6 ай болды. Емге барса, жұмыссыз қалады. Бір баламыз уақытылы дәрісін алмаған соң демікпе болып қалды, — дейді жұбайы Әмина Асқарбекова.
Алтай Асқарбековтің омыртқасы мен басында әлі де кінәрат бар. Оң қолында ұсақ жарықшақтар көп. Кешенді ем қабылдауға күйбең тіршілік мұрша берер емес. «Күміс алқаның» иегері әйелінің де денсаулығы мәз емес. Шарасы таусылған азамат жоғарыдан әділетті шешім боларына сенеді.
Еске салайық, осыған дейін Жаркентте қайтыс болған капитан Дархан Нұрланұлының өліміне қатысты 4 адамның қамауға алынғанын жазғанбыз.