Арыстықтардың жарылыс қайталанбаса деген жалғыз тілегі бар

Арыс қаласы
Фото: Арыс қаласының әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – 2019 жылдың 24 маусымы күні Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылыс бүкіл елді елең еткізді. Жан жақтан атқылаған снарядтан жайбарақ жүрген халық бір сәтке абыр-дабыр болды да қалды. Қайда барарын, қайда тығыларын білмей даурықты. Шулаған бала-шаға, жылаған келіншектер. Халық жаяулатып, қауіпсіз жер іздеп қыр асты. Жанбағу үшін қаланы тастап шыққан адамдар адырлар мен қырларды паналады. Баршасы да қауіпсіз жерге шығып, қарашаңыраққа алыстан көз тігіп, қарап тұрды... Қазір мұның бәрі түс сияқты болып қалды.  Айтып отырсаң кей адамдар тіпті сенбеуі де мүмкін.

Арыс қаласында болған жарылысқа биыл бес жыл толып отыр. Әскери қоймада болған апаттан қала қирап қалған болатын. «Арыс — біз біргеміз» деп ұрандатқан ел азаматтары жылу жинап жергілікті халыққа көмектесті. Ал, мемлекет басшысының тапсырмасымен әрбір өңір қаланы қайта қалпына келтіруге атсалысты. Нәтижесінде шағын қала жаңарып, көрікті келбетін қалыптастырды.

Бүгінде Арыс ажары артқан шағын қаланың бірі. Халық та мамыражай өмірін жалғастырып жатыр. 

«Дүрбелең уақытты ұмытқан жоқпыз. Ішінде жүрдік. Барша қиындық өтті. Ол сынақты да жеңіп шықтық. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың аясында қаламыз қайта қалпына келді. Үйлер қайта соғылды. Жөндеуден өткендері де бар. Жалпы шығын толығымен өтелді. Алғашқыда, «жарылыс қайталанбай ма?» деген көкейімізде қорқыныш болатын. Қазір сейілді. Қаламыз жаңа нысандармен толығып жатыр. Саябақтар мен балалар ойын алаңшалары салынып жатыр. Халыққа жайлы орта қалыптасып келеді» — дейді Арыс қаласының құрметті азаматы Оразхан Арыстанбаев.

Жалпы, әскери қоймадағы жарылыстан соң, қала бойынша 70 әлеуметтік нысан қалпына келтірілді. Олардың ішінде 56 білім, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт мекемесі бар. 40 әкімшілік ғимарат жөндеуден өтті. 

Арыс
Фото: Арыс қаласының әкімдігі

Тұрғын үйлерге келген зардаптарды зерделеу барысында зақымдалған 7 389 үй жөнделді. Сондай-ақ, жарамсыз деп танылған 477 үй қайта салынды. Бұдан бөлек, Б.Өтемұратов қоры есебінен 100 баспана бой көтеріп, үйлері өртенген және үй-жайсыз қалған көпбалалы отбасылар мен жағызбасты аналарға берілді.

Арыс
Фото: Арыс қаласының әкімдігі

Арыс қаласы бойынша 467 кәсіпкерлік нысан зардап шеккен болатын. «Менің Атамекенім» қоғамдық қайырымдылық қоры арқылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен оларға өтемақы ретінде 3 млрд. 69 млн. теңге берілді. 

«Мен сол кезде облыс әкімінің кеңесшісі ретінде Арыстағы қоғамдық штабты басқардым. Қаланы 17 секторға бөлдік. Сонымен 17 штаб құрып тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланы қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргіздік. Әр облыстан және Түркістан облысының барлық аудан, қала әкімдері, Арыс қаласы әкімдігінің қызметкерлері тиісті аумаққа жауапты болып бекітілді. Яғни, әр он үйге бір адамды жауапты етіп белгіледік. Арыс қаласында сегіз мың¬ның үстінде үй болатын болса, сегіз жүздей қоғам белсендісін жұмыс¬қа тарттық. Сол кезде өзін-өзі басқару жүйесін енгізіп, халықты сабырға шақырып отырдық. Нәтижелі жұмыстар жүзеге асты. Арыс қаласы екі айда еңсе тіктеп, елдік пен ерліктің үлгісін көрсетті» — дейді Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков.

Арыс
Фото: Арыс қаласының әкімдігі

Жарылыс болған аймақты қалпына келтіру жұмыстарына аймақтан барған әкімдік қызметкерлері де тартылды. Солардың бірі Кентау қаласының тұрғыны Арман Басаров оныншы секторға жауапты болып бекітілді. «Жасыл қала», «Ащысай су», «Кентаусервис», «Интеко» секілді мекемелер мен «Ауыл жастары» орталығынан барған жүзге жуық кентаулық сол кезде аймақты ретке келтіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізді. 

«Қиын күндерде адамдардың бір — біріне тілмен айтып жеткізгісіз жанашыр болуы және бүлінгенді бүтіндеу жолында бір жұдырықтай болып бірігуі мен даладай дархан пейілдері көзге жас үйіріп, көңілге қанат бітірді. Арыстықтар әлі күнге — дейін ұмытпай, кентаулықтарды тойларына да шақырып тұрады. Біз мұнан қалың қазақтың кез — келген жағдайда бір — бірінің қуанышы мен қайғысына ортақтаса алатын бауырмалдылығын көрдік» — дейді, «Amanat» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров.

Жалпы қаланы қалпына келтіру ісінде ерікті жастар күні-түні еңбек етті. Алғашқыда қариялардың ас ауқатын дайындаған жастар, кейіннен жоғалған бүлдіршіндерді табуға көмектесті. Сондай-ақ, күндіз штабтарда гуманитарлық көмекті бөлу жұмыстарын жүргізді.

Арыс
Фото: Арыс қаласының әкімдігі

«Арыста жарылыс болып жатыр деген сәттен бастап Түркістан облысы мен Шымкент қаласының еріктілері көмекке асықты. Халықты қауіпсіз аймаққа тасымалдау үшін жеңіл көліктер жіберілді. Екінші топ нан, су секілді күнделікті тұрмыстық тұтыну тауарларын жеткізді. Біз Келес және Сарыағаш ауданынан 1 тоннаға жуық жанар-жағар маймен келдік. Оны жолда қалып қойған көліктерге үлестіріп бердік. Сол барғаннан 62 күн бойы еріктілер қатарында көмектесіп, үйге екі айдан соң оралдым» — дейді ерікті жас Олжас Мамыр. 

Жалпы, оқиға болған сәтте 200-ге жуық бала ата-анасынан адасып қалды деген ақпарат тараған болатын. Оның бәрі табылып, отбасымен қауышты. Кейін, Арыстық бүлдіршіндер Павлодар облысында орналасқан Баянауылдағы сауықтыру лагерінде жазғы демалысты қызықты өткізді.

Арыс
Фото: Арыс қаласының әкімдігі

Бүгінде Арыс қаласы өзіндік дамудың жолын қалыптастырды. Жиі жиі өткізілген сенбілік жұмыстары барысында таза қалаға айналды. Жарылыстан кейін бағалары бірден төмендеп кеткен үйлердің нарқы қайта қалпына келе бастады. Үдере көшушілер де азайған. Қаладағы көп ұлтты халық бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Баршасының «ең бастысы жарылыс қайталанбаса» деген арман тілектері бар.

«Барды бағалай білуіміз керек. Қаламызда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижелі істер жүзеге асырылып отыр. Енді Алладан тек елдің амандығын тілейміз!» — деді бата берген ақсақал Жолдасбек Тұрманбетов.

Соңғы жаңалықтар