Аркадий Дубнов: Қазақстан ШЫҰ арқылы постсовет аймағының Батыс пен Шығыс арасындағы орға түсіп кетуіне тосқауыл болды

Аркадий Дубнов
Фото: cyprus-daily.news

АСТАНА. KAZINFORM — Саясаттанушы, Орталық Азия жөніндегі сарапшы Аркадий Дубнов Астанада өткен ШЫҰ саммитін бақылап, түйген пайымдарын Kazinform тілшісімен бөлісті.

Саясаттанушы бүгінде ШЫҰ институционалданып, кеңейіп келе жатқанын айтады. ШЫҰ әлемдік қауіпсіздікте тек әскери-саяси тұрғыдан ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрғыдан да айқындаушы рөлге шығады деп күтушілер бар. 

«Бәрібір де ШЫҰ әлемдік қауіпсіздіктің аса маңызды элементіне айналды деп айта алмаймын. Иә, бұл — ықпалды құрылым, бірақ атқарушы функционалы жоқ. Ол — айқын жарғысы жоқ, күштік мазмұннан ада біржақты саяси ұйым», — дейді сарапшы. 

Аркадий Дубнов «Қазақстан Президенті 2023 жылы ШЫҰ төрағалығын қабылдай отырып постсоветтік аймақтың Батыс пен Шығыс арасындағы орға түсіп кетуіне тосқауыл болды» деп есептейді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше ай бұрын іске асыру мүмкін еместей көрінген бастама көтерді. Бұл жерде Армения мен Әзербайжанды татуластырып, келіссөз алаңын ұсыну талпынысын меңзеп отырмын. Бір жағынан кейбір елдер сияқты өзін ара ағайын ретінде тықпалап та отырған жоқ. Бітімгерлікке жол ашылды және ол істе Қазақстанның да үлесі бар», — дейді саясаттанушы.

Айтуынша, Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде саясат пен экономикаға, гуманитарлық салаға бағытталған бірқатар ірі іс-шара өткізген.

А. Дубнов Астана декларациясының үлкен тұжырымдамалық құжат болып шыққанын айтады. 

«ШЫҰ Астана декларациясы ұйымға мүше мемлекеттердің бәрінің ұстанымын бойына жинақтап тұр. Құжатта қандай да бір ымыраға келтіруге болатын елдердің бәрінің ұстанымы көрініс тапқан деуге болады. Декларацияда Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің аймақтық ықпалдастығының мәні бекітілген деп айтар едім. Мұны „бестіктің“ халықаралық субъект ретінде мойындалған сәті деп те қарауға болады», — дейді сарапшы.

Саясаттанушы ШЫҰ-ға Қазақстан төрағалық етіп тұрған кезде ұйымның бас хатшысы мен хатшылығының рөлін күшейту жөнінде шешім қабылданғанын еске салды. 

«Бұл ұйымның институционалдық сипатын үстей түседі. Бұған дейін бас хатшыда өз бастамасын ұсыну құқығы болмаған еді. Сондықтан бұл шешімді ШЫҰ-ның өзі қабылдаған шешімдерді орындатудағы шынайы ықпалымен арттыру құнды. Менің білуімше, ұйымның жаңа тағайындалған бас хатшысы ерік-жігері мығым, атқарушылық тәртібі бар адам. Астана ұсынған кандидатура ШЫҰ-ның жұмыс органдарын нығайту идеясымен үндес. Саммиттің ұйымдастырылуы керемет болды. Қазақстанның мұндай іс-шаралар өткізуде көпжылдық тәжірибесі бар. Бұл саммит өзге елдер үшін бой түзейтін меже болмақ», — деді Аркадий Дубнов.

Соңғы жаңалықтар