Аркадий Дворкович шахматтан әлем чемпионаты жайында: 20 жылдағы ең үздік жағдай жасалған
АСТАНА. ҚазАқпарат – Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович елордада өтіп жатқан шахматтан әлем чемпионатының ұйымдастырылуына жоғары баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл - өте ерекше чемпионат. Біріншіден, ол әлемнің 17-чемпионын анықтайды. Бұл - классикалық ресми шахматтың ғасырдан асатын тарихындағы атаулы оқиға. Сонымен қатар мұның алдындағы чемпион атағын қорғаудан бас тартты. Мүмкін, келешекте ол қайтадан күресер», - деді ФИДЕ президенті елордадағы Шахматшылар саябағына ағаш отырғызу рәсімі барысында.
Сонымен қатар ол ел басшылығына және Қазақстан шахмат федерациясының президентіне қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

«Қазақстандағы серіктестерімізге осынау матчты ұйымдастыруға толыққанды қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз. Қытайдан да, Ресейден де келген делегациялар соңғы 20 жылдағы ең үздік жағдай жасалған чемпионат болғанын айтып жатыр», - деді Аркадий Дворкович.