Арқалықта су тасқынынан зардап шеккен зейнеткер өтемақы өндіріп алды 

ҚОСТАНАЙ. АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысының Арқалық қалалық сотына азамат С. Арқалық қаласының әкіміне төтенше жағдай салдарынан келтірілген материалдық зиянды өтеу туралы арызын қарау туралы талаппен жүгінген. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті. 

Қостанай
Фото: «Қостанай таңы» газеті

2024 жылғы 28 наурызда Арқалық қаласының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ал сәуір айының басында С.-ның тұрғын үйі су тасқынының нәтижесінде зардап шекті.

«2024 жылдың мамыр айында жәбірленуші Арқалық қаласы әкімдігіне тұрғын үйіне келтірілген материалдық залалды өтеу туралы өтінішпен жүгінді. Әкімдік өтініштерді қабылдау мерзімінің аяқталуына байланысты, С.-ның арызын қараусыз қалдырды», — делінген хабарламада.

«Азаматтық қорғау туралы» Заңымен жеке тұлғалардың табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан, мүлкі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқығы бекітілген.

Төтенше жағдай кезінде әкім зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияны құрады. 

Комиссияға жүгіну мерзімі, төтенше жағдай туындаған күннен бастап 30 күнтізбелік күнді құрайды.

«Сот назар аударған бірінші бұзушылық — бұл жәбірленушінің өтініші Комиссияның қарауына берілмеген. Жергілікті атқарушы орган оны заңды негіздерсіз, өз бетінше қараусыз қайтарған. Екіншіден, сот арызданушының жергілікті атқарушы органға отыз күн ішінде жүгіну мерзімі өтіп кетпеген деген тұжырымға келді, себебі, әкім зардап шеккен тұлғаларға Комиссияға жүгіну құқығын түсіндіру үшін жеткілікті шаралар қабылдамаған. Оны жоққа шығаратын дәлелдемелер сотқа ұсынылған жоқ. Үшіншіден, төтенше жағдай режимі тоқтатылған жоқ. Демек, арызды төтенше жағдай туындаған сәттен бастап отыз күндік мерзім шінде беру туралы әкімдіктің талабы, әділдік пен парасатылық қағидаларына сәйкес келмейді, азаматтың заңмен қарастырылған залалды өтеуге деген құқығынан айырып отыр», - деп хабарлады облыстық сот. 

Сот талап арызды толығымен қанағаттандырып, Арқалық қаласының әкімін жәбірленушінің материалдық залалды өтеу туралы арызын қарастыру үшін қабылдауға міндеттеді.

Мән-жайларды ескере отырып, сот шешімінің аталған бөлігін дереу орындауға жіберді.

Соңғы жаңалықтар