Арқалықта терминал салу және әуежай жолағын реконструкциялау жобасына 20 млрд теңге бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM – Арқалық қаласында терминал салу және әуежайдың ұшып-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жобаны жүзеге асыруға 20 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, оның 5,5 миллиард теңгесі прокуратура органдарының заңсыз иемденілген активтерін мемлекетке қайтару арқылы алынған қаражаттан қарастырылған.
Қайтарылған активтер моноқаланың инфрақұрылымын жаңарту және шалғай өңірлер үшін тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз ету мақсатында жұмсалуда. Бұл шара қоғам мүддесі үшін қаражатты тиімді пайдалану үлгісі саналады.
Жобаның жүзеге асырылуы Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелді аудандары тұрғындарына облыс орталығына жедел әуе қатынасын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл заманауи аэровокзал кешенін құру арқылы моноқала экономикасының дамуына ықпал етеді.
Жобаның орындалу барысы Қостанай облысы прокуратурасының бақылауына алынған.
Еске салсақ, бұдан бұрын Павлодарда жаңартылып жатқан әуежай қашан ашылатынын жазғанбыз.