Арқалы айтыскер ақын Оразалы Досбосынов туралы кітап жарыққа шықты

АЛМАТЫ. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Белгілі айтыскер ақын, марқұм Оразалы Досбосынов туралы «Айтыстың көркемдік әлемі (О.Досбосынов шығармалары негізінде)» атты зерттеу кітап жарық көрді,

Арқалы айтыскер ақын Оразалы Досбосынов туралы кітап жарыққа шықты

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған зерттеу еңбек қазіргі кезеңде кемеліне келген әдеби тіліміздің ілгері басып, дамуына ақындық үлесін қосқан О.Досбосыновтың шығармашылығына арналған. Кітапта Оразалының айтыстарындағы троптың түрлері мен көркемдік тәсілдердің ерекшеліктері арнайы қарастырылып, бұрынғы ақындар Біржан мен Сара, ұлы Абай өлеңдері, түркі жазба ескерткіштерінің көркемдік сипаттарымен салыстырылып қарастырылған.

«О.Досбосынов айтыстары негізінде алғаш рет жазылған бұл зерттеу - айтыскер ақынның көркем сөз образдарының көркемдік-тілдік бейнесінің мәні туралы пайымдаулар жасауымен құнды. Ақын тіліндегі троптардың, көркемдік тәсілдердің қолданыс аясы арқылы бүгінгі айтыстың көркемдік әлемін танытады», дейді кітаптың алғы сөзінде филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Әбдезұлы.

Кітап «Кие» лингвоелтану инновациялық орталығының баспасында 1000 дана таралыммен жарыққа шыққан. Кітаптың авторы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының ізденушісі Әйгерім Әлімжанова. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің түлегі.

«Биыл Оразалы ақынның өмірден өткеніне 5 жыл толады. Алғашқы еңбегімді арқалы ақынның әруағы разы болсын деген оймен жаздым», дейді автор.