Арқалық қаласы жылу берудің жаңа түріне көшеді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Арқалық қаласының жылумен жабдықтау жүйесін 2030 жылға дейін қайта жаңарту жобасы басталды. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Inctagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арқалық қаласы жылу берудің жаңа түріне көшеді

Арқалық қаласын әр жылу маусымынан алып шығу үшін жыл сайын республика бюджетінен 2 млрд теңгенің үстінде трансферт бөлінеді. Бұған дейін қыста мазутпен жағып келген Арқалықтың жылу жүйесін біртіндеп көмірге көшіру мақсатында бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлініп, «Арқалық қаласының жылумен жабдықтау жүйесін 2030 жылға дейін қайта жаңарту» жобасы қолға алынған. Бүгінде жаңа жылу көзінің құрылысы қарқынды. Бас ғимараттың астыңғы қабаты төселіп, табанына бетонды-ерітінді торап салынды. 3 бу қазандығы және сумен жылытатын 2 қазандық орнатылды.

«Қазіргі уақытта 2019-2020 жылғы жылыту маусымының соңында мазуттың қалдығы 6 440 тоннаны құрайды. Бюджетте 1,39 млрд теңге қарастырылған, оған шамамен 18 500 мың тонна мазут сатып алу жоспарланып отыр, ол 2020-2021 жылғы жылыту маусымын өткізу үшін жеткілікті болады. Бүгінде барлық нысандар жылыту маусымына толық дайын. Кейін Арқалық қаласының жылумен жабдықтау жүйесін 2030 жылға дейін қайта құру барысын тексердім. Жобаны іске асырудың жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайды. Жаңа жылу көзінің құрылысын қарап шықтым. Бүгінгі таңда бас ғимараттың құрылысы жалғасуда, екі циклон мен екі су жылыту қазандығының монтажы аяқталды. Нысанда барлығы 130-дан астам адам жұмыс істеп жатыр», деп жазды өңір басшысы.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша биыл 27 жобаны жүзеге асыруға 13 млрд теңге бөлінген. Бұл жобалардың ішіндегі ең ірісі де, ең маңыздысы да – Арқалық жылу энергиясы орталығын реконструкциялау.

«Жыл басында жоспарланған жұмыстың 43%-ы еңсеріліп, 3 млрд 200 млн теңге игерілді. Қаланың жаңа жылу орталығы 2021 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Биыл Арқалық жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін орталық мазут отынын пайдаланады. Қаладағы кейбір нысандар көмірмен жылытылады. Жылу маусымына жететін мазут жеткізіп алу жағын реттеп алдық», – дейді Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішев.