Арқалық-Шұбаркөл және Жезқазған-Сексеуіл теміржол учаскелері жыл соңына дейін толық пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың соңына дейін Арқалық-Шұбаркөл және Жезқазған-Сексеуіл теміржол учаскелері мемлекеттік қабылдау комиссиясынан өтіп, толық пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потлов баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Арқалық-Шұбаркөл және Жезқазған-Сексеуіл теміржол учаскелері жыл соңына дейін толық пайдалануға беріледі

«Арқалық-Шұбаркөл мен Бейнеу-Жезқазған теміржол учаскелері былтырғы жылы уақытша пайдалануға берілген болатын, ол бағытта жүктер тасымалы ағылып жатыр. Мен бүгін ғана Арқалық-Шұбаркөл учаскесінде болып қайттым. Мемлекеттік комиссия учаскені қабылдауға кірісті. Енді ағымдағы айдың соңына таман бұл бағыт қатынастар үшін барлық талаптарға жауап беретін болады», - деді Д. Потлов.

Оның айтуынша, желтоқсан айының соңына дейін Боржақты-Ерсай теміржол құрылысы бойынша жобамен қатар, Жезқазған-Сексеуіл учаскесі де мемлекеттік қабылдау комиссиясының қабылдауынан өтеді.