Арқалық тумасы 9 жасында бұзақылық жасағаны үшін әскерге шақырылмады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Өткен жылдың күзінде әскерге шақырылу үшін тексеруден өткен Арқалықтың 19 жастағы тұрғыны Елдос Қошқар күтпеген жерден 9 жасында бұзақылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын білді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Арқалық тумасы 9 жасында бұзақылық  жасағаны үшін әскерге шақырылмады

«Жергілікті ХҚО-дан бозбала сотты болғандығы туралы анықтама алған, - дейді Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Индира Құсайынова. - Онда Елдостың 2006 жылдың 7 қыркүйегінде Арқалық ІІБ ҚР ҚК 257-бабы, 1-бөлігі (1997 жылғы ред. «бұзақылық») жазаға тартылғаны және 2006 жылдың 14 қыркүйегінде ақталмайтын негіздер бойынша Елдосқа қатысты қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы қаулы шыққаны көрсетілген. Алайда жігіт 2006 жылы тоғыз жаста болғанын және ол кезеңде ешқандай қылмыс жасамағанын анық біледі. Оған қоса, ҚР ҚК 15-бабында аталған бап бойынша 16 жасқа толған тұлғаларды ғана қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатыны жазылған.

Елдос Қошқардың сақтау мерзімі өтіп кеткен құжаттардың жойылуы себепті қаулы көшірмесін беру туралы өтінішін Арқалық прокуратурасы қабылдамады.

Арқалық қалалық соты әскерге шақырылмай қалған жігіттің берген шағымын қанағаттандырды. Сот оны қылмыстық жауапкершілікке тартуды заңсыз деп тапты және Арқалық қ. ІІБ шығарған ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы қаулының күшін жойды.

Сот шешімі заңдық күшіне енген жоқ.