Арқалықта боранда жолда қалып қойған 6 адам құтқарылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Солтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының құтқарушылары 6 адам мен 2 техниканы қар құрсауынан шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Арқалықта боранда жолда қалып қойған 6 адам құтқарылды

Арқалық қаласынан қырық бес шақырым жердегі Целинное ауылының маңында екі автокөлік боран кезінде қалың қар құрсауында тұрып қалған.

«Құтқарушылар жол таңдамайтын Марш-БРОНТО техникасымен жолаушыларды қауіпсіз аймаққа көшірді. Екі көлікте алты адам болған. Олардың екеуі бала. Жолаушылар Арқалық қаласына аман-есен жеткізілді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы ауа райы қолайсыз кезде мүмкіндігінше үйден шықпауды және дауыл жөніндегі хабарламаға жауаптылықпен қарауды сұрайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Арқалық қаласының Ашутасты ауылына келе жатқан жолда құтқарушылар қар құрсауында қалған 3 жеңіл автокөлікке көмек көрсетті.