Арқалықтағы такси жүргізуші: Ақпанның басына дейін тұрғындарды тегін тасимын
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Арқалық қаласы мешіті мен жеке таксишілер аязды күндері тұрғындарға тегін қызмет көрсетіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұндай қайырымдылық шараны Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің қызметкерлері бастап қолға алды. Дін қызметкерлері аязды күндері көше аялдамаларында жолаушыларға ыстық шәй мен тәттілер ұсынып, тегін такси қызметін көрсетуде. Қалалық мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы да өз көлігімен шығып, көпке үлгі болды.
Бұл бастаманы жеке таксилер де қолдады. Олар аурухана, орталық базар, халыққа қызмет көрсету орталығы сынды халық көп жиналатын орындарға барып, тегін қызмет көрсетіп жатыр.
«Мұны бүкіл Қазақстан бойынша қолға алу керек. Астанада басталған істі біз де жалғап отырмыз. Қазіргідей суықта жол бойында тұрған адамдарды жарыса алып кетіп жатқан әріптестерімді көрген іш жылиды. Қала халқы батасын беріп, шынайы алғыстарын білдіріп жатыр. Өз басым қайырымдылық істі ақпан айының басына дейін жалғастырамын», - дейді таксиші Мұрат Жанғабылов.