Арқалықтан шалғай көлде қамалып қалған балықшылар құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 қаңтарда Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне боран кезінде Арқалық қаласынан 90 шақырым жердегі «Бекен» суқоймасында балықшылардың қалып қойғаны жөнінде хабар келіп түскен.

 Арқалықтан шалғай көлде қамалып қалған балықшылар құтқарылды

Арқалық қаласы құтқару бөлімшесінің құтқарушылары ГТ-ТБ арнайы техникасымен көлге бет алды. Құтқарушылар бес адамды және олардың қар басып қалған екі автокөлігін тауып алды, деп хабарлайды ТЖК-ның баспасөз қызметі.

null 

 Қарда қамалып қалғандардың көлден алыстап кетуге мүмкіндіктері болмаған.  Құтқарушылар авто көліктерді қардан шығарып, қауіпсіз жерге дейін сүйретіп жеткізді.

Зардап шеккендер Арқалық қаласына аман-есен эвакуацияланды, олардың жағдайлары жақсы.

Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы жергілікті тұрғындарға қарлы бұрқасын кезінде мекендерінен алысқа сапарға шығуды кейінге қалдыруды және жолда мұқият болуды сұрайды.