Арқалықты дамыту: Ет комбинаты іске қосылады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Арқалықта жұмыс сапарымен жүрген облыс басшысы Архимед Мұхамбетов қалада салынып жатқан ет комбинатының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғариннің сөзінше, өңірдегі ең ірі ет комбинаты биыл тамыз айына дейін іске қосылады. Жоба құны 900 млн теңге. Қазір нысанда 60 құрылысшы жұмыс істеп жатыр.
«Алдағы уақытта комбинатта 120 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Бұған келешекте Арқалық маңындағы ауылдар мен Амангелді, Жанкелдин, Науырзым аудандарынан ет әкеліп тапсыратын болады. Сондай-ақ, көршілес Қарағанды мен Ақмола облысының аудандары да қызығушылық танытып отыр», - деді Балғарин.
Архимед Мұхамбетов 2020 жылға дейін облыстағы ет экспорты көлемін 6 мың тоннаға жеткізу керектігін баса айтты. Бұл тұрғыда өңірдегі тауар өндірушілердің қарқыны көңіл қуантады. Айта кету керек, 2015 жылы Қостанай облысы шет елдерге небәрі 190 тонна ет жөнелткен екен. Белгілі болғандай, Жанкелдин ауданында да ет қабылдау пункті ашылмақ.