Арқалықтық жеке кәсіпкерді немере інісі тонамақ боп, тұтылды
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Қостанайлық жедел уәкілдер 35 жастағы жеке кәсіпкердің үйіне жасалған қарақшылық шабуыл қылмысын «ізін суытпай» ашты.
Бұл туралы бүгін апталық брифингте аталған ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Оның атап өтуінше, бетперде киген үш адам Арқалық қаласындағы жәбірленушінің үйіне баса көктеп кіріп, оны ұрып-соққаны және ақшалай қаражаттарын иеленбекші болғандары анықталды. Алайда, жәбірленушінің белсенді түрде қарсылық көрсететінін күтпеген күдіктілер бас сауғалауға мәжбүр болып, іздерін жасырған.
«Сол күні қабылданған жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елорданың үш тұрғыны ұсталды. Олардың біреуі жәбірленушінің немере інісі болып шықты.
Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде»,- деді Н.Ораз.