Арқан тартыстың Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгенін білесіз бе

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл күндері қазақтың ұлттық спорт түрлерінің бірі - арқан тартыс ойыны 1900 – 1920 жылдар аралығында Олимпиада ойындарының бағдарламасына еніп, жарыстар өткенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.

Арқан тартыс
Фото: Ақ Жайық

Осыған байланысты бүгін Арқан тартыс федерациясының ресми барақшасы арқан тартыс адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқаны туралы шағын мәліметпен бөлісті.

«Ғалымдардың тұжырымына сүйенсек ежелгі адамдардың қонысынан арқан тартыстың белгілері табылған. Бірақ, бұл нақты факт емес. Дәлелденген уақыт пен жер жоқ. Жорамал ғана. Ал, нақты ақпараттар б.з.д 1000 жылдары басталады. Скандинавия мен Германия жерінде арқан тартыс күш сайыстарының бірі болған. Ал, б.з.д 500 жылдары Грекиядағы Олимпиада ойындарында арнайы командалар арқан тартысып, күш сынасқан», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, 1900 – 1920 жылдар арасында арқан тартыс Олимпиада ойындарының бағдарламасына еніп, жеңіл атлетиканың бір бөлшегі ретінде жарыстар өткені айтылады. Ал 1912 жылдан бастап жеке спорт түрінде жарыстар ұйымдастырылғаны белгілі болды.

«Арқан тартыстан тұңғыш Олимпиада чемпионы Швеция мен Данияның аралас құрамасы. 1904 жылы АҚШ-тың Милуоки клубы жеңсе, 1908 жылы Лондон полициясының командасы, 1912 жылы Стокгольм полициясының командасы чемпион болады. Ал, арқан тартыстан соңғы Олимпиада чемпиондары Ұлыбританияның ұлттық командасы болған», - деп жазды Арқан тартыс федерациясы.

Кейін 1920 жылдардан кейін белгісіз себептермен арқан тартыс Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алынып тасталған.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Арқан тартыс осы әлемдік доданың бағдарламасына енген. Бүгінгі таңда еліміздің әр облысында арқан тартыстан көшпенділер ойынына іріктеу сындары басталып кетті.