«Арқанкерген» шекара бекетіндегі қайғылы оқиға - қоғам үшін қауіпсіздікті сақтаудың маңызды екендігін көрсетті - ҚХА үндеуі

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы «Арқанкерген» шекаралық бекетінде қаза болғандардың туыстары мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып көңіл айтты.ҚазАқпарат үндеу мәтінін жариялайды.

«Арқанкерген» шекара бекетіндегі қайғылы оқиға - қоғам үшін қауіпсіздікті сақтаудың маңызды екендігін көрсетті - ҚХА үндеуі

 Құрметті отандастар!

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Арқанкерген» шекара бекетіндегі шекарашылардың қайғылы қазаға ұшырауына байланысты Қазақстанда ұлттық аза тұту күнін жариялады.

Мемлекет басшысы орын алған оқиғаны террористік акті деп атады.

Қазір оқиғаның анық-қанығын тергеу жүргізілуде, кінәлілер тиісті жазасын алатын болады.

Бұл қайғылы жағдай елімізді аяғынан тік тұрғызды, тұрақтылық, бейбітшілік және келісім құндылықтарының қаншалықты қымбат екенін тағы да көрсетті.

Барша Қазақстан халқы қазалы қайғыға қайғырып, орын алған оқиғаны ауыр қабылдады, біз бұл азалы жағдайдың бәрімізге де қатысты екенін терең түсінеміз.

«Арқанкерген» шекара бекетінде орын алған қайғылы оқиға - Елбасымыздың мемлекет пен қоғамның тыныштығын, азаматтардың қауіпсіздігін сақтаудағы қажырлы еңбегінің маңызын анықтап берді.

Ел шебін қорғап, Қазақстан халқының қауіпсіздігі үшін қызмет ете жүріп шекарашылар осындай елдік құндылықтар үшін жанын қиды.

Олар Қазақстандағы бейбітшілік пен жарқын келешек үшін өздерінің жас өмірін пида етті.

Бүгін біз осы қайғылы оқиғада қаза болғандарды еске алып, олардың аруақтары алдында тағзым етеміз.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қаза тапқандардың отбасыларына, жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.

 

Астана қаласы, 5 маусым 2012 жыл.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі