«Арқанкерген» шекара бекетіндегі оқиғадан кейін ҰҚК төрағасының орынбасары Мемлекет басшысына жұмысынан босату туралы рапорт берді
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - «Арқанкерген» шекара бекетіндегі оқиғадан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мемлекет басшысына жұмысынан босату туралы рапорт берді. Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов мәлім етті.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры генерал-майор Нұржан Мырзалиев Елбасының атына қызметінен босату туралы рапорт берді», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар прокурордың сөзіне қарағанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген тергеулердің нәтижесі бойынша «Шығыс» өңірлік басқармасының, «Үшарал" шекаралық жасағының және «Достық» шекаралық комендатурасының басшылығы қызметтерінен босатылды.
«Басқа кейбір тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі туралы мәселе, егер ондай болса, тергеу нәтижесімен шешіледі», - деп қосты Е.Мерзадинов.