Арқаны кеңге салу әлі ерте – Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал қандай
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемді алаңдатқан эпидемиологиялық ахуал әзірге тұрақты сияқты көрінгенмен, толық тиылған жоқ. Еліміздің азаматтары індетке байланысты қатаң шектеулер сәл жұмсартылғанмен вирус жұқтыру деректері әлі де тіркеліп жатқанына қарамастан қауіпсіздік шараларын сақтауға келгенде енжарлық танытып келеді.
Президенттен бастап ел Үкіметінің эпидемиологиялық ахуалдың екінші толқыны болуы мүмкін екенін ескертіп-ақ келеді. Бірақ соған құлақ асып, өзінің және өзгенің қауіпсіздігін ойлауды шетке сырып тастаған отандастарымыз ортамызда жүр. Басқаны былай қойғанда миллиондап айыппұл салып жатса да көпшілікті жинап, той жасау тыйылмай тұр. Бұдан бөлек, қоғамдық орындардағы жайбарақаттық та алаңдатады.
Осы аптаның басындағы Үкімет отырысында талқыланған мәселелердің алғашқысы осы елдегі эпидемиологиялық ахуал болды. Жағдай тұрақталып келе жатқанымен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Өйткені, мамандар коронавирус инфекциясының екінші толқыны болуы мүмкін екенін жарыса айтып жатыр. Қазір Еуропа елдерінде вирус жұқтырғандар саны күн санап өсіп келеді. Ал, біздің жұрт қауіпсіздік шараларын сақтауға әлі де құлықсыз. Бұл инфекция жұқтыру дерегінің көбейіп кетуіне себеп болуы әбден мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек екенін Денсаулық сақтау министрі тағы ескертті.
Алғашқы толқында балалардың вирус жұқтыру дерегі тіркелмеген болатын. Балалардың иммунитеті күшті болғандықтан, вирусты жеңуге қауқарлы деген де мамандардың пікрі айтылған еді. Бірақ бүгінгі таңда жағдай басқаша болып тұр. Статистика бойынша, елімізде 104 мектеп оқушысы коронавирус жұқтырған болып шықты. Үкімет басшысы Асқар Мамин қауіпті індеттің жаңа толқынына дайындықты жылдамдату керектігін айтты. Коронавирус алғаш таралған уақытта бізге жеңіл тимеген еді. Науқастарды ауруханаларға орналастырудың өзі үлкен мәселеге айналғанын ұмытпауымыз керек. Сол себепті Үкімет басшысы ауруханалардағы орын саны мен қажетті медициналық құрал-жабдықтардың жеткілікті болуын қатаң қадағалауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрі қазір өңірдерде тұрақтандыру қоры жасақталғанын айтты.
«Коронавирус инфекциясының екінші толқынында дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды. Қазір өңірлерде медициналық препараттардың екі айлық қоры бар. Сондай-ақ, елімізде 3000-нан астам өкпені жасанды желдету аппараты бар. Аппараттар саны алдағы уақытта артатын болады», - деп мәлімдеді Алексей Цой.
Осы аптада Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният өңірлердегі медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының вирус жұқтырған пациенттерді қабылдауға дайындық мәселесін пысықтады. Жиынға амбулаториялық-емханалық ұйымдардың басшылары мен өңірлердегі Денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері қатысты. Онда халықты дәрі-дәрмекпен қамту, мобильді бригадалар жұмысы, үйдегі стационарды ұйымдастыру, медицина қызметкерлері мен тұрғындарды қорғау үшін қабылданған эпидемияға қарсы шаралар жөнінде айтылды.
Биыл індеттің алғашқы толқыны басталған кезде сырт елдерден келген азаматтардың ішінде вирус жұқтырғандардың дерегі көп тіркелді. Ел ішіндегі сақтық шараларын қанша ұстанғанмен сырттан келгендердің есебінен көрсеткіш ұлғайды және олар басқаларға жұқтырды. Сол себепті, шекараның арғы жағынан келетіндерді қатаң бақылаудың маңызы жоғары. Еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы қаулы шығарды. Қаулыға сәйкес, 6 қазаннан бастап жолаушылар тасымалындағы тәртіптер өзгеріп, карантиндік талаптар күшейтіледі. Жаңа қаулы тәртібі бойынша, шет ел азаматтары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткенде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтама болмаған жағдайда елге кіргізілмейді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасына шетелден авиарейстермен келетін барлық адамдар термометриядан, сауалнамадан өтеді және кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтаманы ұсынуы тиіс. Әрине, осы қаулы нақты жүзеге асатын болса, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың асықынып кетпеуіне тосқауыл болар еді.
Қалай дегенмен, ел ішіндегі жағдайға да қатаң бақылау жасаудың жөні бөлек. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 4 қазандағы жағдай бойынша, коронавируспен ауырғандар туралы ақпаратты жариялады. Онда коронавирустық инфекциядан 3 229 адам ем қабылдап жатқаны айтылды. Олардың арасында 74 жеткіншек бала бар. Стационарларда 1 774 науқас жатыр. 1 455 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.
Жалпы науқастардың арасында 85 адамның жағдайы нашар. Оның ішіндегі 13 науқастың жағдайы аса қатты ауыр деп бағаланған. 21 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Осы соңғы көрсеткіштен-ақ, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың қандай екенін аңғаруға болады. Жалпы, еліміз бойынша қауіпті індетпен ауырғандар саны 108177-ге жетіп отыр. Ал жазылғандардың саны саны – 103205.
Мысалы, өткен тәулікте еліміз бойынша 71 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып ауырғаны белгілі болды. Аймақтар арасында Шығыс Қазақстан мен Нұр-Сұлтан қаласында көп тіркелген. Республика бойынша ауру дерегі тіркелген көрсеткіштерді төмендегі тізімнен көре аласыздар.
Нұр-Сұлтан қаласы - 14
Алматы қаласы - 1
Шымкент қаласы - 1
Ақмола облысы - 4
Алматы облысы - 4
Атырау облысы - 3
Шығыс Қазақстан облысы - 18
Жамбыл облысы - 1
Батыс Қазақстан облысы – 1
Қарағанды облысы - 9
Қостанай облысы - 2
Маңғыстау облысы - 1
Павлодар облысы - 3
Солтүстік Қазақстан облысы - 9
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді дана халқымыз. Осы бастан халыққа ескерту биліктің де бұқаралық ақпарат құралдарының да басты міндеті. Ары қарай тәртіпке бағынып, қауіпсіздік талаптары мен сақтық шараларына берік болу өз қолыңызда. Індеттің екінші толқыны шарпитын болса, ел экономикасына ауыр соққы болады, шаруамыз шатқаяқтап, еңсемізді көтеруіміз қиынға соқпақ.