Арканзастың 116 жастағы тұрғыны АҚШ-тағы ең жасы үлкен адам атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық Кэмден (Арканзас штаты) қаласының тұрғыны Гертруда Уивер жұма күні 116 жасқа толып, сыйлыққа кенелді.

Арканзастың 116 жастағы тұрғыны АҚШ-тағы ең жасы үлкен адам атанды

Геронтологиялық зерттеу тобы ресми түрде оны АҚШ-тағы ең қарт адам деп жариялады. Мәлімет бойынша, әлемде ол екінші кәрі адам. Бірінші орында америкалықтан небәрі 4 ай үлкен Жапония тұрғыны - Мисао Окаве.

Уиверде туу туралы куәлік жоқ. Алайда, геронтологиялық зерттеу тобы 1900 жылы жасалған АҚШ тұрғындар санағын зерттеді. Онда сол жылы Уивер 2 жаста болғаны жазылған. Осылайша, оның 1898 жылы дүниеге келгені ресми түрде расталды.

Уивер Арканзастың оңтүстік батысында туған. 1915 жылы 17 жасында тұрмыс құрған. Уивер - 4 баланың анасы. Бүгінгі күні төрт баланың біреуі ғана тірі. Ол 93 жаста. Өзінің 116-шы туған күнін Уивер қарттар үйінде тойлауға мәжбүр болды.