«Арқарлы тауының петроглифтері» монографиясы неге аз тиражбен шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Арқарлы тауының петроглифтері» атты монографияның таныстырылымы өтті.

Монографиялық еңбектің таныстырылымына тарихшылар, этнографтар, танымал археологтар мен суретшілер қатысты.
«Арқарлы тауының петроглифтері» монографиясы авторларының бірі Александр Горячевтің сөзінше, Арқарлы асуы — сан ғасырлық сыр бүккен қасиетті мекен.
— Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жарық көрген монографияның мазмұны құнды тарихи деректерге толы. Арқарлы петроглифтерінде 2000 жылдық тарихтың ізі жатыр. Тау шатқалдарында зерттелмеген, еш жерде тіркелмеген таңбалы тастар мен оған қашалып салынған алуан түрлі суреттер табылды, — деді ғалым.

Әлкей Марғұлан атындағы археология институты шығарған монография жоғары оқу орындары мен академиялық кітапханаларға таратылды.
— «Арқарлы тауының петроглифтері» монографиясы небәрі 300 тиражбен басылып шықты. Себебі, бәрі қаржыға байланысты. Сондықтан, оны кітап дүкендерінің сөресінен таба алмайсыз. Дегенмен, электронды нұсқасы бар. Монографияны мына сілтемеден жүктеп алуға болады,— деді ол.
Жетісу облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов атап өткендей, «Арқарлы» кешенінің туристік және білім беру әлеуеті зор. Ол Қазақстанның мәдени және туристік кеңістігінде жаңа жарқын орынға айналуы мүмкін.

Бұған дейін Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары Арқарлы асуын зерттеп, таңбалы тастар мен обаларды, мыңдаған жыл бұрынғы қоныстарды тіркеп, қағаз бетіне түсіргенін хабарлаған едік.
Кейін Арқарлы петроглифтерін сақтау мемлекеттік органдардың бақылауына алынып, Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді.