«Арктик Си» кемесін азат ету кезінде сегіз қарақшы тұтқындалды
АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясы Әскери-Теңіз күштерінің «Ладный» кемесінің теңізшілері «Арктик Си» кемесін қарақшылардың қарауынан бірде-бір оқсыз азат етті.
Бұл туралы Ресей әскерлерінің Жоғарғы Бас қолбасшы Дмитрий Медведевке елдің Қорғаныс министрі Анатолий Сердюков мәлім етті, деп хабарлайды РАТА-ТАСС агенттігі.
Министрдің айтуынша, кемені азат ету операциясы кезінде оны басып алған 8 адам тұтқындалған. «Кемеде экипаж мүшесі болып табылмайтын 8 адам қамауға алынды. Олар - Эстония, Латвия және Ресей азаматтары», - деді Сердюков.
«Тергеу барысында анықталғандай, шілденің 24-інде швед аумақтық суларында «Арктик Си» кемесіне бортында 4 Эстония, 2 Латвия, 2 Ресей азаматы болған үрлемелі жедел қайық жақындаған. Олар, қайықтарының ақаулы екенін айтып, «Арктик Сидің» бортына көтерілген және қарумен қорқытып, кемені өз басқаруларына алған», - дейді Сердюков. Осыдан кейін кеме барлық навигациялық жабдықтарды өшіріп, басқыншылар айтқан бағытпен Африкаға қарай бет алған.
Естеріңізге сала кетейік, «Арктик Си» кемесі дүйсенбі күні Жасыл мүйіс аралдарының маңынан табылды. Экипаж аман-есен. Фин компаниясына тиесілі және Мальта жалауының астында жүзіп келген кеме осыдан екі апта бұрын, Алжирдің Беджаия айлағына бара жатқан жолда жоғалып кеткен еді.