Арктика мұздарының еруі Қазақстанда қуаңшылыққа әкелуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Арктиканың Баренц және Кар теңіздерінде қыста теңіз мұзы аз болған жылдары Шығыс Еуропа мен Қазақстан аумағында жаз мезгілі құрғақ өтетіні анықталды. Мұндай қорытындыны Германия мен Румыния ғалымдары шығарды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Арктика
Фото: Kazinform

Альфред Вегенер институты мен Бухарест университетінің зерттеушілері 1901–2017 жылдар аралығындағы Арктика мұздарының жағдайы мен құрғақшылыққа қатысты деректерді зерттеген.

Нәтижесінде Баренц және Кар теңіздерінде қыс мезгілінде мұз аз болған жылдардан кейін Румыния мен Украинадан Қазақстанға дейінгі аумақта жазғы қуаңшылық жиірек байқалатыны анықталған.

Ғалымдардың болжамынша, мұз жамылғысының азаюы ауа массаларының қозғалысына әсер етеді. Соның салдарынан өңірде жоғары қысымды тұрақты аймақтар қалыптасып, бұлттың түзілуіне кедергі келтіруі және ауа температурасының көтерілуіне ықпал етуі мүмкін.

Зерттеу деректеріне сәйкес, Арктика мұзы аз болған жылдары қарастырылып отырған өңірдің жер бетіне түсетін күн энергиясының орташа мөлшері шаршы метріне 5,35 ваттқа көп болған. Бұл айырмашылықтың шамамен 57 пайызы бұлттылықтың азаюымен байланысты.

Алынған нәтижелер мамандарға қуаңшылықтың туындау ықтималдығын алдын ала бағалауға көмектесуі мүмкін. Бұл әсіресе жауын-шашынның азаюы астық түсіміне кері әсер ететін ауыл шаруашылығы аймақтары үшін маңызды.

Айта кетейік, Орталық Азияда мұздықтардың еруі мен су тапшылығы күрделі мәселеге айналып отыр.