Арктикада ақ аюды өлтіргендер ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нарьян-Мар полициясы табиғат қорғаушылармен бірігіп ақ аюдың өлтірілу қылмысын ашты, деп хабарлайды Дүниежүзілік жабайы табиғат қорынан (WWF).

Арктикада ақ аюды өлтіргендер ұсталды

«Нарьян-Мар қаласының полициясы Ненец автономдық округінің Табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау орталығының қызметкерлерімен бірлесіп ақ аюдың өлтірілуіне байланысты осы жылда екінші қылмысты ашты. Қылмыскер халықаралық ақ аю күнінің қарсаңында ұсталды», - делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары ақ аюдың терісі мен жануардың ерітілген майының бір литрін тәркілеп, Арктикадағы Каратайка және Варнек кенттерінің тұрғындары болып шыққан екі күдікті азаматты ұстады. Олардың бірі - Вартек тұрғыны ақ аюды заңсыз өлтіргенін, содан кейін оның терісін Каратайка кентіне сатуға жібергенін мойындаған. Полиция көп ұзамай оның түсініктерін растап, ақ аюдың ерітілген майының бір литрін өз еркімен берген Каратайка кентінің тұрғынын ұстады. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры адамдарға арктикалық аңдарды өлтіру - барынша жазалауды қарастыратын қылмыс екенін ескертеді.