Арктикадағы мұздың аумағы рекордтық деңгейге дейін төмендеді
АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Арктикадағы теңіз мұзының аумағы спутниктік бақылаудың бүкіл тарихындағы рекордтық төмен деңгейге дейін - 4,21 миллион шаршы шақырымға қысқарды, деп хабарлады Би-Би-Си-дің Орыс жаңалықтар қызметі.
Жапондық JAXA аэроғарыштық агенттігінің жерді қашықтан зондтау орталығы мұздың ауданы қыркүйек айына дейін қысқара береді, деп хабарлады.
Жапондық ғалымдардың мәіметтері бойынша бұған дейін 2007 жылғы 24 қыркүйекте Арктика мұзының ауданы 4,25 миллион шаршы шақырымға қысқарған болатын.
Американдық қар мен мұз жөніндегі ұлттық ақпарат ортаығы (NSIDC) биылғы жылы 2007 жылғы рекордтық минимумнан да төмендеуі мүмкін деп мәлімдеді.
Алайда NSIDC мәліметтері жапондық ғалымдардың көрсеткішінен өзгеше.
Американдық орталықтың сайтындағы ақпаратқа сәйкес Арктикадағы мұз аумағының абсолюттік минимумы 2007 жылғы 16 қыркүйекте болды. Сол кезде ол 4,17 миллион шаршы километрді құраған болатын.