Арлан Жаңабай Азия ойындарының қола жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында ел қоржынына алғашқы қола жүлде түсті. Қазақстандық триатлоншы Арлан Жаңабай жарыста үшінші орынды иеленді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.

Арлан Жаңабай Азия ойындарының қола жүлдегері атанды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Жарыс нәтижесі бойынша І орынды жапондық Такауми Ходжо (52:56) иеленсе, ІІ орын Қытай спортшысы Чжан Сюжуйға (53:05) бұйырды. Ал отандасымыз Арлан Жанабай 53:11 көрсеткішімен ІІІ орын мінберінен көрінді.

Арлан Жаңабай үшін бұл медаль халықаралық аренадағы маңызды жетістіктердің бірі болды. 2026 жылы ол Қытайдың Тайчжоу қаласында өткен Азия кубогының кезеңінде қола, ал Түркістанда өткен кезеңде күміс медаль жеңіп алған.

Арлан Жаңабай Азия ойындарының қола жүлдегері атанды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Бұл медаль қазақстандық триатлон үшін ерекше маңызға ие. Бұған дейін Азия ойындары тарихында отандық спортшылар аталған спорт түрінен бір ғана қола жүлде иеленген болатын. Осылайша, Арлан Жаңабайдың нәтижесі Қазақстанның Азия ойындарындағы триатлоннан алған екінші жүлдесі атанып, ұлттық құраманың жүйелі дамуын көрсетті.

Бұл жетістік ұлттық құраманың жүйелі дайындығы мен еліміздегі триатлонды дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмыстың нәтижесі. Соңғы жылдары бейінді федерациямен бірлесіп спортшыларды даярлау жүйесі жетілдіріліп, халықаралық жарыс тәжірибесі кеңейтіліп келеді. Азия чемпионаттары мен өзге де ірі халықаралық жарыстарға қатысуға ерекше мән берілген. Мұндай додаларда жинақталған тәжірибе жаттығу үдерісін жетілдіру және негізгі кешенді жарыстарға дайындық барысында ескеріледі.

Арлан Жаңабай Азия ойындарының қола жүлдегері атанды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Бүгінде триатлон Қазақстанның 13 өңірінде қолға алынған. Спорт түрінің географиясын кеңейту, федерация мен жаттықтырушылар құрамының жүйелі жұмысы, сондай-ақ спорт резервін кезең-кезеңімен даярлау ұлттық құраманың алдағы нәтижелерін арттыруға негіз қалыптастырады. Арлан Жаңабайдың Азия ойындарындағы қола жүлдесі осы жүйелі жұмыстың тағы бір нәтижесі болды.

Айта кетейік, Аичи-Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.

Бұған дейін Арлан Жаңабай триатлоннан Азия кубогы кезеңінде күміс медаль жеңіп алды.